389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында азық-түлік бағасы қатаң бақылауда

  • 1467

Павлодар облысында халық көп тұтынатын негізгі азық-түлік түрлері арзан бағада сатылады. Баға саясатын тұрақтандыру барысында жүргізілетін мониторинг басқа өңірлерге қарағанда мұнда күнбағыс майы, сары май, ұн және жұмыртқа бағасының біршама төмен екенін көрсеткен. Арзан өнімдердің қатарында көкөніс те бар. Картоп, сәбіз, қызылша мен орамжапырақты жергілікті шаруашылықтар өсірсе, азық-түлік өндірісі кәсіпкерлердің үлесінде. Сол себепті бүгінде дүкен сөрелеріндегі азық-түліктің 85%-ы жергілікті тауар өндірушілерге тиесілі.

Күн сайын құбылатын нарық бәсекелестігінде бағаны тізгіндеу оңай шаруа емес. Маусымдық қымбатшылықтың алдын алу мақсатында облыс басшылығы бірқатар келіссөз жүргізді. Соның бірі – Оңтүстік Қазақстан облысының шаруаларымен жасалған әріптестік меморандум. Соның нәтижесінде жылы жақтан келетін жеміс-жидектің бағасы шарықтаған жоқ. Керісінше, күзге қарай басқа да тағамдардың құны төмендеді.

Ирина Ненашева, сатушы:

- Тауық еті мен қанттың бағасы айтарлықтай арзандады. Қазір біз қанттың 1 келісін 235 теңгеден, тауықтың сан етін 495 теңгеден сатып жатырмыз. Күнбағыс майы да арзан, литрі – 400 теңге. Қарақұмықтың бағасы 55 теңгеге төмендеді.

Бөлшек сауда құнының төмендеуі тамыз айында қарқын алды. Жергілікті тауар өндірушілердің өнімі сырттан келетін азық-түлікті ығыстыра бастады. Облыс бүгінде ет, құс еті, жарма түрлері, сүт және нанмен өзін толық қамтамасыз етіп отыр.

Ризабек Теміров, облыстық кәсіпкерлік сауда және туризм басқармасы бөлімінің бас маманы:

- Құс етінің өндірісі аймақта 1,5 есеге артты. Сондай-ақ жармалар – 90%-ға, пастерленген сүт – 14%-ға, ұн – 15%-ға, ал нан өндірісі 6%-ға артып отыр.

Бағаны тұрақтандыру ісінде монополияға қарсы мекеменің де үлесі бар. Жаз мезгілінде олар қант пен қарақұмық жеткізушілердің бағаны өзара келісе отырып көтеруін әшкерелеген болатын. Оларға әкімшілік жаза қолданылады.

Мұрат Оспанов, облыстық Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің жетекшісі:

- Жүргізілген тексерудің қорытындысы бойынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 159-бабымен «Әкімшілік құқықбұзушылық» ісін қозғауға тура келді. Осыған сәйкес хаттама толтырылып, қазір бұл материал Павлодар қалалық әкімшілік сотына жіберілді.

Құзырлы мекеме аймақта азық-түлік бағасын көтеруге негіз жоқ екенін айтады. Павлодар облысы – азық-түлікке, көкөніске бай өлке. Фермерлер өз өнімдерін әлеуметтік дүкендерде қолжетімді бағамен саудалайды. Бұған жергілікті билік тарапынан барынша жағдай жасалған.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Арман Якубов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы