388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Инвестициялық тартымдылық жағынан Павлодар облысы еліміз бойынша көш бастап тұр

  • 857

Павлодар облысы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын толағай табыстармен қарсы алмақ. Индустрияның жүрегі саналатын аймақта алюминий, мұнай-химия, энергетика, теміржол, медицина, ауыл шаруашылығы кластері қарқынды дамып келеді. Берекелі өңірде орын тепкен жүздеген кәсіпорын өнімін ішкі-сыртқы нарыққа тең дәрежеде шығарып отыр. Соңғы жылдары облысқа құйылатын инвестиция көлемі еселеп артқан.

Инвестициялық тартымдылығы жағынан Павлодар облысы еліміз бойынша көш бастап тұр. Құйылатын қаржының басым бөлігі өңдеу өнеркәсіптеріне тиесілі. Мысал келтіре кетсек, өткен сегіз айда облыс экономикасына 139 миллиард теңгеден астам қаржы құйылған. Бұл республикалық орташа деңгейден 3,5 есеге жоғары көрсеткіш.

2000 жылдан бастап облыста импорт алмастыру бағдарламасы белсенді жүзеге асуда. Осының арқасында шағын және орта кәсіпорындардың жұмысы қайта жанданды. Алпауыт өндірістерді сақтап қалу ғана емес, жаңасын тұрғызуға да мүмкіндік туды. Алюминий өндіретін Қазақстанның бірінші электролиз зауытының іргесі қаланды. Химия өндірісі, машина жасау саласыда айтарлықтай ілгеріледі. Индустрияландырудың екінші бесжылдығында Бозшакөл таукен байыту комбинаты бой көтерді. Бұл өндірістердің бәрінде жергілікті тұрғындар табысты еңбек етуде.

Нұрболат Сейітмағанбетов, Облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының жетекшісі:

- 2010 және 2014 жыл аралығында жалпы құны 274,4 миллиард теңге болатын 68 жоба қолданысқа енді. 5500 жаңа жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру картасы аясында өңірде бұрын-соңды шығарылмаған өнімнің 60-тан астам жаңа түрі шығарыла бастады.

Облыстың өндірістік қуаттылығын арттыруға «Бизнестің Жол картасы - 2020» бағдарламасы тың серпін берді. Марат Маханов өз кәсібін мемлекеттің қолдауымен ашты. Серіктестік денсаулық сақтау мекемелеріне арнап бір реттік медициналық киімдер тігеді.

Марат Маханов, серіктестік директоры:

- Кәсіпкерлерді қолдауға арналған бағдарламаның көмегі мен үшін көп болды. Мемлекеттік қолдауға сүйеніп, ойланбастан несие алдым. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, жаңа мекеме салып, қондырғылар алдым. Жұмыс орындарын аштық. Бүгінде алған несиемді мемлекетке толық қайтардым. Ал кәсіпорын жұмыс істеп жатыр.

Мемлекеттік жобаларды қаржыландырудың жеңілдетілген түрінен ауыл шаруашылығы саласы да қалыс қалмады. Суармалы егіс алқаптарының көлемі артып, асылтұқымды мал өсіретін шаруашылықтар саны артуда.

Батырбек Алдабергенов, серіктестік директоры:

- Біз етті Ресейге экспорттаймыз. Бағасы көңілімізден шығады. Қазір 1500 басқа арналған мал бордақылау алаңын жеке қаражатымызға салып жатырмыз. Бұл инвестицияның 50 пайызын мемлекет өзімізге қайтарып береді. Оған сеніміміз мол.

Машина-трактор паркі түбегейлі жаңарып, жер өңдеудің озық технологиялары арқылы рекордтық көрсеткіштерге қол жетті.

Байболат Рахымжанов, Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдіктану және механизация бөлімінің бас маманы:

- Соңғы 5-6 жылда тұрақты өнім алып, өзіміздің қажеттілігімізді облыстың қажеттілігін 5-6 есеге өндіріп сыртқа шығаруға мүмкіндік туып отыр. Өнімділігіміз дәнді дақылдардан 12 центнерден айналып отыр.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша құрылысы басталған «Орталық-Шығыс» көлік дәлізі Ертіс өңірімен өтеді. Орталық Азия бойынша жүріп жатқан аса ірі көліктік-логистикалық хабтың құрылысы 2018 жылы мәресіне жетпек.

Ертіс өзені арқылы өтетін көлік өткелі Қазақстанның орталық бөлігін Ресей елінің көршілес жатқан өңірлерімен байланыстырады. Бұл нысан ерекше сәулетімен де көз тартады. Құны 53,3 миллиард теңгеге бағаланған алпауыт жобаның құрылысы 2013 жылы басталды. Қазақстанды былай қойып, Орта Азияда баламасы жоқ алып көпір Тәуелсіздіктің 25 жылдығында қолданысқа беріледі.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Арман Якубов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы