385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ә.Исекешев: Біз Астананы өмір сүруге барынша ыңғайлы қалаға айналдыруға ниеттіміз

  • 1345

Астана көлік кешенінің даму үрдісіне арналған халықаралық конференция жалғасып жатыр. Бүгін шараның екінші күні 10 елден келген сарапшылар елорданы қолайлы қалалар қатарына қосу үшін іске асуы тиіс жоспарлар кешенін талқылайды.

Астаналықтардың үштен бір бөлігі ғана қоғамдық көлік қызметін қолданады. Қалғанында жеке көліктері бар. Елорда халқы бір миллионнан асқанын ескерсек, бұл қаланың көлік инфрақұрылымына кері əсерін тигізіп, жол үстінде үлкен кептелістерге əкеп соғуда. Сондықтан көлік кешені инфрақұрылымын дамыту күн тəртібіндегі маңызды мәселе. Конференцияның екінші күнін ашқан қала əкімі Əсет Исекешев қоғамдық көлікті қолданушы елордалықтардың санын арттыру үшін кешенді шаралар легі жоспарланғанын атап өтті. Негізгі басымдық жаяу жүргіншілер, велосипед қолданушылары мен қоғамдық көліктері берілмек.

Əсет Исекешев, Астана қаласының əкімі:

- Біз Астананы өмір сүруге барынша ыңғайлы қалаға айналдыруға ниеттіміз. Ол үшін қалалық инфрақұрылымды өзгерту, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласы мен қызмет көрсету бағыттарын жақсарту, жаңа технологияларды енгізу мен «Смарт сити» қалыптастыру қажет. Жол-көлік кешенін дамыту аясында сапалы жолдар, көпірлер мен инфрақұрылымның басқа да элементтерін салу қарастырылған. Қазіргі кезде арнайы бағдарлама әзірленді.

Кездесу аясында 10-нан аса елдің жетекші сарапшылары мен көлік холдингтерінің басшылары саладағы стратегиялық жоспарлау қағидаларын, жеңіл рельсті көліктің құрылыс технологияларын, жол ақысын электронды төлеуді енгізудің әлемдік тәжірибесін, ақылды автотұрақты жасаудың, қалалық такси қызметін дамыту мəселелерін талқылайды. Айта кетейік, өткен жылдың қазан айында Астана ресми түрде қоғамдық көліктер саласының дамуына көп көңіл бөлетін қалалар клубына қосылды.

 

UITP, яғни халықаралық қоғамдық көлік одағының құрамына 96 елдің 1500-ге жуық компаниясы мүше болып тіркелген. Олардың дені көлік саласындағы үздіктер. Бұл ұйымға мүшелік бірқатар жауапкершілік пен міндеттерді жүктейді. Оның ең бастысы қаланы тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы етіп жасақтау.

Хабар 24 телеарнасы