387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде өңдеу өнеркәсібіне 2,5 млрд доллар тікелей инвестиция тартылды

  • 737

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында өңдеу өнеркәсібіне 2,5 млрд доллар тікелей инвестиция тартылды. Егер осы қарқынмен жалғаса берсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 10 млрд долларға жетеді. Бүгін брифингте Kaznex Invest АҚ басқарма төрағасы Бөрісби Жанғоразов осындай жоспармен бөлісті. Оның айтуынша, өңдеуші секторда химия өнеркәсібінің үлесі соңғы 6 жылда екі есе артып, 4,2%-ға жетті. Осы кезең аралығында химия саласына 191 млн доллар тікелей инвестиция тартылған. Былтыр 200 миллиардтан астам теңгенің өнімі өндірілді. Бастысы, бұл салада құрылған бір жұмыс орны, өзге секторларда 6 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Бөрісби Жанғоразов, Kaznex Invest АҚ басқарма төрағасы:

- Үкімет Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру кезінде экспортқа мақсатталған өндірісті құруға басымдық беруде. Осылайша, біз біртіндеп сырттан жеткізілетін өнімдерді ығыстыруды жоспарлап отырмыз. Дегенмен, импорттан мүлде бас тарту мүмкін емес. Себебі кейбір тауар түрлерін өзімізде өндіру экономикалық тұрғыда тиімсіз.

Сәуле Байтжаунова, «БАСФ Орталық Азия» ЖШС бөлімшесінің жетекшісі:

- Біздің компания Қазақстанда 24 жылдан бері қарқынды жұмыс істеп келеді. Алматы мен Астанада бетонға қосатын қоспалар өндіретін 2 кәсіпорын ашқанбыз. Енді заманауи талаптарға сай құрылыс материалдарын шығару жоспарда бар. Алғашқы материалдар EXPO-2017 көрмесінің жобаларына қолданылады деп күтілуде.

Хабар 24 телеарнасы