385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарлық диқандар миллион тонна астық жинауды жоспарлап отыр

  • 916

Павлодарлық диқандар биыл миллион тонна астық жинамақ. Өңірге бүгін Елбасы арнайы барды. Шаруа қожалықтарын аралады. Тың технологияға бейімделген техникалық мектептің шәкірттерімен, талапты студенттермен де кездесті. Орталық Шығыс автожолының сапасын бақылап, өңірдің тыныс- тіршілігімен танысты.

Еліміздің солтүстік аймақтары қашанда сапалы астығымен аты шыққан. Павлодар өңірінің осы даңққа қосқан үлесі бар. Биыл еңбекші қауым миллион тоннаға жуық астық аламыз деп отыр. Осы мұратқа жету жолында жаппай жұмыс істеп жатыр. Дәнді дақылдарды сақтайтын қоймалар да күні бұрын әзірленді. Бір ғана «Арго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иелігінде 30 мың тонна дән сақтайтын қойма бар. Жұмысы толық автоматтандырылған. 6 маман басқарады. Дәл осы ұжымның ілкімді ісін бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көрді.

Серіктестік қожайыны былтыр 45 мың тонна бидайды шетелге шығарғанын айтты. Биыл да жоспардан жаңылмай, көрсеткішті еселемек.

Руслан Аушев, шаруа қожалығының басшысы:

- Биыл егіннің шығымы жақсы болғандықтан, ішкі нарық бидайдан тарықпайды. Сол себепті біз дәнді дақылдарды Қазақстан аумағында саудаламаймыз, экспортқа шығарамыз. Дәлірек айтсам, Тәжікстанға жөнелтеміз.

Істің ыңғайын тапқан Руслан Аушев алдағы уақытта қаракетке қарқын қосады. Нақтырақ айтсақ, шаруа қожалығының көлемін ұлғайтады. Шет елдерден сүтті және етті қара мал әкеліп, ауыл шаруашылығына қажетті өнімнің бәрін өздері шығарады. Ол үшін арнайы қора-жай салған. 160 жұмысшыға лайықтап үй тұрғызған.

Руслан Аушев, шаруа қожалығының басшысы:

- Жылына бір миллион литр сүтті шығарып  2 мың тонна ет өткізіп, 15 мың тонна көкеніс жинаймыз деген жоспар бар.

Күн сайын жаһан елдері техникалық жаңалық ашып, жалпақ жұртты таң қалдырып жатыр. Мәселен Жапония «ақылды» робот жасап шықты. Мұнымен тоқтап қалмайтыны даусыз. Осындай сағат сайын технология дамыған тұста біздің де қарап отырғанымыз жарамас. Әрекет бар. Биыл Павлодар қаласында балалар техникалық мектебі ашылды. 180 оқушы білім ұясында 16 түрлі үйірмеге қатысады. Өнертапқыштардың тынысын ашатын мектепте Президент Нұрсұлтан Назарбаев болды. Талаптылармен тілдесіп, тың технологиялармен танысты.

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері қазіргі уақытта ғылымға ден қойған. Аз уақытта 1200 шәкірт тәлімдемеден өтіп, оның 180-і ісін дөңгелетіп  әкеткен. Белсенді жастардың жаңа жобаларын бүгін Президент Нұрсұлтан Назарбаев көрді.

Қымыздан жасалған балмұздақ жетістіктердің бір парасы ғана. Мәселен инвест-жобалар жәрмеңкесінде білімгерлер 40 миллион теңгеден асатын 21 жобаны сатқан. Сөйтіп, жаңа жобалардың жандануына күш салған.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында еліміздің тас жолдары жаңарып жатыр. Оңтүстік өңірлердегі тақтайдай тегіс жолдар сөзіме дәлел. Бүгінгі күні Солтүстік және Шығыс Қазақстанға қатынауда едәуір жеңілдеді. Оны Павлодардың жолынан анық аңғаруға болады. Орталық Шығыс автожолының 12 шақырымы бүгінгі күні төселіп жатыр. Соның сапасын елдің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көрді. Жұмысшылармен жүздесіп, жолдың ел үшін маңызы зор екенін айтты.

Құрылыс жұмыстары басталған кезде мұнда 1500 адам жұмысқа тартылған. Дені жергілікті тұрғындар.

2013 жылға дейін бұл жерде өткел тұрмақ, жол да болмаған. Үш жылдың ішінде мемлекеттің қолдауының арқасында Орта Азияда теңдесі жоқ, осындай сапалы әрі көрікті көпір салынып жатыр. Қазіргі уақытта құрылысшылар екпінді еңбек етуде. Өйткені Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту жасап, бұл жолды аяқтайды. Сөйтіп, еліміздің транзиттік әлеуетінің артуына жол ашады. Дәлірек айтсақ Орталық Қазақстанға қатынайтын жолды 40 шақырымға қысқартып, күніне 400 көліктің қатынауына  жол ашады.

Мамандар құрылысқа қажетті заттың бәрін терең тексерістен өткізген. Өйткені бұл жол ұзақ жылға шыдас беру керек.

Серік Төлебаев, «Қазақжолқұрылысы» ЖШС бас директоры:

- Біз енді мердігер компания ретінде 5 жылға кепілдік береміз. Бұл көпірлер 50 жылдан аса халыққа қызмет көрсетеді деп есептейміз. Бұндай көп жылға қызмет беру үшін қарап отыру керек. Жан-жақтан мониторниг жасап отыру керек. Өзінің техникалық жұмыстарын жүргізіп отыру керек.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында өңірге республикалық бюджеттен 28  миллиард теңге бөлінген. Қаржы тиімді игеріліп жатыр. Осы уақытқа дейін 450 жоба жүзеге асып, 6095 жұмыс орны ашылған. Осы сынды жасалған жұмыстарды байқаған Елбасы қарқын бәсеңсімей, ілгерілеуі керектігін қаперге салды.

Осыдан 25 жыл бұрын облыста жұмыссыздар қатары қалың болған. Дәлірек айтсақ, 47 мың адам бос жүрген. Сол уақыттан бері атқарылған ауқымды жұмыстар нәтижесінде 30 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылған. Осы көрсеткішке қарап аймақтың әл-ауқатының артқанын байқаймыз. Әлеуметтің әлеуетінің көтерілгенін көреміз. Демек жұрттың жағдайының серпін алғанына қарап, елдің де дамуында екпін барын байқаймыз.

Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Айдос Меделбеков, Дулат Ентебеков, Хасен Омарқұлов, Алмас Омарғалиев 

Хабар 24 телеарнасы