386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы: Павлодар облысы еліміздің дамуына үлкен үлес қосып келе жатыр

  • 1207

Павлодарға жұмыс сапары барысында Елбасы өңірдің белсенділерімен де кездесті. Басқосуға өз ісінің кәсіпқой маманына айналған әртүрлі қызметтегі азаматтар келді. Мемлекет басшысы жиналған қауымды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, еліміздің елеулі жетістіктерін атап өтті. Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылында еліміз әлем жұртшылығына танылып, әлеуметтік-экономикалық және мәдени әлеуетіміздің артуына септігін тигізген ауқымды нәтижелерге қол жеткізді.

Оған осы уақыт аралығында іске асқан мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелері дәлел. Ел дамуындағы оң көрсеткіштердің артуына Павлодар өңірінің үлесі аз емес. Еліміздің ірі экономикалық аймағы болып табылатын өңірдегі 888 өнеркәсіпте 77 мыңға жуық адам еңбек етеді. Қазақстанда өндірілетін электр энергиясының 40%-ы осы облысқа тиесілі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Павлодар облысы еліміздегі индустриясы қарқынды дамыған ірі өндірістің орталығы екені белгілі. Барлық электроэнергияның 40%-ы осы жерден шығады. Әсіресе, 25 жыл Тәуелсіздік жылдарында бұл өңірде үлкен өзгерістер болды. Еліміздің дамуына сіздердің өлке үлкен үлес қосып келе жатыр. Оның үстіне еліміз Кереку деп аталатын өңірде Жаяу Мұса, Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмахмұт сияқты еліміздің ұлы тұлғалары шыққан киелі топырақ. Академиктер атамекені атанатын Қаныш Сатпаев бастаған ғұламалардың елі. Иса Байзақов, Шәкен Айманов сияқты өнер тарландары шыққан жер. Сондықтан қадірлі, қасиетті ел деп есептеймін. Бір сөзбен айтқанда, тарихы да бай, тағылымы да мол, мақтаулы мекен.

Кездесу барысында Павлодар облысының әкімі облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдай және оны дамыту перспективалары туралы баяндады.

Хабар 24 телеарнасы