386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық студенттер Үлкен театрдың Хореография академиясына шақырту алды

  • 663

Қазақстандық балет бишілері Нью-Йорктің талғампаз көрерменін таңқалдырды.

Жас өнерпаздар әйгілі Үлкен театрдың Хореография Академиясы ұстаздарының шеберлік сабақтарына қатысып, олжалы оралды.

Алты апта бойы Нью-Йорктың ең үздік сахналары әлемнің бірнеше елінен келген жас таланттардың игілігінде болды. Атақты Линкольн орталығында ұйымдастырылған шеберлік сабақтары классикалық өнерді құрметтей білетін көрермен үшін әсемдік пен нәзіктіктің шынайы мерекесіне айналды. Халықаралық жобаға Алматыдағы А.В.Селезнев атындағы Хореография училищесінде белім алып жүрген қазақстандық студенттер де қатысты.

Рина Киршнер, Орыс-американ қорының вице-президенті:

- Олар «Ұйқыдағы ару», «Күлбике» және басқа да классикалық туындылардан үзінділер орындап, Селезнев академиясын зор табыспен таныстырып жүрді. Олардың сапары Нұрлан Қаппаровты еске алуға арналды. Өйткені ол бірнеше жыл бойы осы мәдени диалогқа үлкен қолдау көрсетіп жүрді. Мен ол үшін Қазақстан мәдениетін жастар арқылы ілгерілету аса маңызды болғанын жақсы білемін. Студенттер оның осы жобаға қосқан үлесі мен Қазақстан мәдениетін лайықты насихаттай білді деп санаймын.

Алматы хореографиялық училищесі атынан өнер көрсеткен бірнеше студент Нью-Йорктен олжалы оралды. Олар білімдерін шыңдау үшін Үлкен театрдың Хореография академиясына шақырту алды. Бұл жобаның бірнеше жыл бойы сәтті өтуіне қазақстандық тараптың да үлесі зор болды. Ұйымдастырушылар қазақстандық дипломаттарға ұзақ жылдардан бері көрсетіп келе жатқан қолдау үшін алғыстарын білдірді. Ал АҚШ тарапы мұндай шаралардың мәдениетаралық диалогты дамытудағы үлесі зор екеніне сенімді.

Рина Киршнер, Орыс-американ қорының вице-президенті:

- Бұл мәдени тұрғыдан бірегей диалог. Студенттердің бәрі аптасына бес күн бойы күніне 5 сағаттан жаттығып жүрді. Бұл үлкен еңбек. Өзіңіз көргендей, қорытынды концерт кезінде барлық бишілер бірге өнер көрсетті. Жастар бірлесе еңбек етіп, етене танысты. Енді бұл қарым-қатынастың, достық пен әріптестіктің ұзақ жылдарға созылары сөзсіз.

Қазақстанның балет мектебі бүкіл әлемге жақсы таныс. Біздің талай бишілеріміз әлемнің жетекші сахналарында өнер көрсетіп жүр. Сондықтан Қазақстаннан келіп, Нью-Йоркты тамсандырған бұл жас таланттардың күні ертең әлемдік деңгейдегі жарқын жұздыздарға айналуы әбден мүмкін.

Авторлары: Майра Абдрахманова, Ренат Садыров

Хабар 24 телеарнасы