389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қырғызстанның балет бишілері шеберліктерін басқа ел сахнасында паш етуге мәжбүр

  • 945

Қырғыз балеті жойылудың аз-ақ алдында тұр.

Өнердің осы түріне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың жылдан-жылға азайып кеткеніне хореография шеберлері қынжылады. Жалақының аздығы, сахналық киімдердің жоқтығы мен дайындықтар өткізетін орындардың жетіспеушілігі Қырғызстандағы балеттің болашағына балта шапқалы тұр.

Мариин театрының солисі Эрнест Латыпов Қырғызстан тумасы болғанымен, үлкен сахнадағы алғашқы қадамын Бішкек хореографиялық училищесінде емес, Ваганова атындағы орыс балет академиясында бастады. Қырғыз елінің астанасына танымал биші сирек те болса, келіп тұрады және әр сапары кезінде отандық балет түлектеріне шеберлік сабақтарын өткізіп, тәжірибесімен бөліседі.

Эрнест Латыпов, балет әртісі:

- Өнердегі өз қалауыңнан басқа отбасын құру туралы да ойлауың керек, оны асырау, болашағы толғантары рас. Осы мәселеге алаңдаған көп өнерпаз басқа елдерге кетіп жатыр. Мен де сол себептен кеттім, өйткені ол жақта мен күн сайын сахнаға шығамын.

Елде жас бишілер мүлде жоқ десе де болады. Қырғыз балетінің қара шаңырағы өнердің осы бір әсем түріне жас буынды баулу үшін барын салып жүрген бірең-саран ұстаздардың арқасында ғана жабылмай тұр. Сондағы олардың алатын айлығы теңгеге шаққанда отыз мыңға да жетпейді. Балетке қызығушылық танытып, классикалық бидің қыр-сырын игергісі келетін жастар жетіп артылады. Бірақ жалғыз ниет пен ықыластың арқасында алысқа бара алмайсың.

Татьяна Чернышова, Хореографиялық училищенің ұстазы:

- Біздің балет мектебінде училищені сонау Кеңес одағы кезінде бітірген қарт ұстаздар еңбек етеді. Олар тек осы өнерге деген сүйіспеншілігі мен жастарға үйретуге деген адал ниетінің арқасында ғана еңбек етіп жүр. Алайда біз мәңгілік емеспіз ғой. Біз де кетерміз, ал жастар жалақының аздығынан мұнда келгісі келмейді.

Ресми Астана жақын арада Орталық Азияның балет орталығына айналуы мүмкін. Осыдан біршама уақыт бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты түрде Қазақ ұлттық хореография академиясын ашты. Жаңа оқу орнында классикалық би өнерінің асқар шыңына шығуға қажет шарттардың бәрі қарастырылған. Қазақстан сахнасында шеберліктерін шыңдап жүргендер арасында қырғызстандықтар да бар. Өз елінің басшылары балет өнеріне ешқандай қолдау көрсетпегендіктен, олар табиғи таланттары мен шеберліктерін басқа ел сахнасында паш етуге мәжбүр.

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы