386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысына 500 млрд доллардан астам инвестиция тартылмақ

  • 794

Атырау облысына 500 млрд доллардан астам инвестиция тарту жоспары бар.

Бұл мәлімет мұнайлы өлкеде өтіп жатқан «Атырау Инвест-2016» халықаралық инвестициялық форумында айтылды. Биылғы форумға жарты мыңнан астам компания өкілі қатысып, 50 инвестициялық жоба ұсынды. 

Жаңа жобаға қаржы саламын деген инвесторлар үшін мұнайлы өлке есігі қашан да ашық. Оларға дайын инфрақұрылыммен қоса көптеген жеңілдіктер жасалады. Тәжірибе де жеткілікті. Өйткені бүгінгі таңда облыс аумағында елуден астам мемлекеттен келген 700-ге жуық біріккен және шетелдік компания жемісті жұмыс істеп жатыр.   

Нұрлан Ноғаев, облыс әкімі:

- Сегіз айдың қорытындысы бойынша, Атырау облысына төрт млрд долларға жуық инвестиция салынды. Оның 2,5 млрды шетелдік инвестициялар және бұл қарқын жылма-жыл өсіп келе жатыр.  

Соңғы жылдары өңірдің экономикасын әртараптандыруда көптеген жаңа жобалар жүзеге асырылды. Машина жасау, мұнай химиясы, жеңіл өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласындағы жобалар қазір жемісін беріп тұр. Бүгінгі форум аясында 9 меморандумға қол қойылып, отандық және шетелдік инвесторлар 610 млн долларға келісімшарт жасасты.     

Моджтаба Дамирчилу, Иран Ислам Республикасының ҚР Төтенше және өкілетті елшісі:

- Қазақстан – экономикалық және инвестициялық ахуалы өте жоғары мемлекет. Біздің елмен арадағы экономикалық және саяси қарым-қатынастар жоғары деңгейде дамыған. Бұрынан қолға алынған инвестициялық жобалар негізінде қазір екі ел арасында еркін сауда аймағын құру жоспарланып отыр. Бұл жобалар өзара қарым-қатынасымызды жақындата түседі деген сенімдемін.   

Мессади Саид, Issmat компаниялар тобының бас директоры:

- Біздің компания Атырау облысында бірнеше жобаны қолға алмақ. Ол күн электр станциясы, тұрмыстық қалдықтардарды өңдеу зауыты мен ауыл шаруашылығына арналған ауқымды жобалар. Олардың жалпы құны 250 млн доллардан асып түседі. 

Бүгінгі форум кезінде кәсіпкерлер қаржылық қолдауды қажет ететін елуден астам жаңа жоба ұсынды. Бұлар: биоотын өндіретін зауыт құрылысы, көлік-логистикалық орталығы, туристік кешендер салу секілді ірі жобалар. Бұл жобалардың көпшілігі инвесторлардың назарына ілігіп, қаржы салу жөнінде келісімшарттар жасалды.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы