384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ҚХР-ның құрылғанына 67 жыл толды

  • 653

1949 жылы қазанның бірінде Қытай көсемі Мао Цзэдун Қытай Халық Республикасының құрылғанын жариялады.

Содан аспан асты елі бұл күнге ерекше мән беріп, сән-салтанатымен атап өтеді. Осыдан 67 жыл бұрынғы Қытай қазір әлемнің екінші ірі экономикасына айналып, ғаламның дамуына әсерін тигізіп отыр. Бейжің тұрғындары да бүгінгі тіршілігіне риза.

Осыдан 67 жыл бұрын 1 қазанда ҚХР құрылып, ел тарихындағы ең ірі саяси өзгеріс басталды. Сол кездегі Коммунистік партияның төрағасы Мао Цзэдун алғаш рет орталық алаңға шығып ҚХР құрылғанын жария етті. Бес жұлдызы бар қызыл туды осында жиналған жұрттың алдына алып шықты. Содан бері әрбір қытайлық азамат өмірінде бір рет болсын Тяньанмынға келуді мақсат етеді. Сондықтан бұл жерде үнемі қарақұрым халық көп.

Мейрам күні Қытайдың қаласы да, даласы да қызыл түске оранады. Көшелерде, мекемелердің маңдайшаларында Коммунистік партияның алқызыл туы желбірейді. Бүгіннен бастап Қытайда 7 күн демалыс. Сондықтан орталық алаңға ағылған қытайлықтардың қарасы көп. Алаңға жыл cайын «Отанға тілек» деп аталатын биіктігі 15 метр үлкен гүл орнатылады. Содан кейін мемлекет құруда құрбан болғандарды еске алып, халық қаһармандарына құрмет көрсетіледі.

Жаң Мань, Бейжің қаласының тұрғыны:

- Мен сексенінші жылдардың тумасымын. Сол кезбен салыстырғанда Қытай қазір көп өзгерді, xалықтың тұрмысы да жақсарды. Көшеде қымбат көліктер көбейді, алыс жолға шығу бұрынғыдан көп жеңіл. Экономиканың өсуі тұрмысымызға көптеген жеңілдіктер әкелді. Мерекеде кеудемді біртүрлі мақтаныш сезімі кернейді.

Ли Хувэй, Бейжің қаласының тұрғыны:

- Біз мереке күндері достарымызбен бірге мерекелік дастарxан әзірлейміз. Саябақтарға серуендеуге шығамыз. Достарымның көбі апталық демалыстарын пайдаланып алыс қалаларға қыдыруға кетті. Мен осы мерекеде отбасымның қасында боламын деп шештім.

50-жылдары ҚХР құрылған күніне орай орталық алаңда салтанатты әскери парад ұйымдастыратын. Кейін Компартия әрбір он жылда, оның өзінде айтулы датада өткізу керек деп шешім қабылдаған.

Авторлары: Нұрбек Бекен, Жаң Сүй 

Хабар 24 телеарнасы