383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысында кәсіпкерлікті қолдауға 184 млн теңге бөлінді

  • 712

Жамбыл облысындағы Қаратау қаласында мемлекеттік бағдарламалардың шарапаты тиіп, шағын кәсіптен нәсіп тапқандар қатары көбейіп келеді.

Шалғайдағы шаһарда «Бизнестің жол картасы-2020» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында соңғы үш жылдың өзінде 66 кәсіпорын ашылған. Қазір осы салада 100-ден астам адам жұмыс істеп жатыр.

Серікбай Бапақов жастайынан ат баптап, жылқы ұстаумен айналысып келеді. Шаруа жақында «Бизестің жол картасы-2020» жобасы арқылы жеңілдетілген несие алып, 8 бас жылқы мен бие саууға арналған қондырғы сатып алды. Қазір қымыз өндіріп, пұл қылып отыр. «Соның арқасында несиеге берешегімді айырып отырмын», - дейді ол.

Серікбай Бапақов, шаруа:

- Менің ойым қазақы жылқыларды, қазанатты, қарабайыр жылқыларды будандастырып, соларды ұстасақ деймін. Өйткені біздің қазақтікі суыққа төзімді, ыстыққа төзімді болады.

Қазір шаруаның қорасында 30-ға жуық жылқысы бар. Оның жартысынан көбі сауылады. Арнайы қондырғы таза әрі жылдам сауып алуға мүмкіндік береді. Күніне 40-45 литр қымыз дайындалады. Кәсіп иелерінің айтуынша, өнім жергілікті тұрғындардан артылмайды. Әсіресе, биыл қымызға деген сұраныс көп болыпты.

Айсара Бапақова, жұмысшы:

- Ішетіндер көп болды. Балалары ауырған. Асқазанымыз ауырды дейді. Басымыз ауырды дейді. Әйтеуір сөйтіп үзілмей келіп, үзбей ішеді. 10 күн ішеді.10 күн демалады. 10 күннен кейін қайтадан келіп ішеді.

Серікбай жылқышының жасы 63-ке келсе де, ат құлағында ойнайды. Жақында ол мал басын асылдандыру ісіне ден қоймақ. Жобасын жүзеге асыру үшін мемлекет ұсынып отырған жеңілдікке жүгінбек.

Ауданбек Таубасаров, Талас аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы:

- Аудан деңгейінде облысқа ұсыныс бергенбіз. Шағын қалаларды дамыту бойынша шағын несие беруді дамыту керек. Жылдағы бөлінетін қаржысының мөлшерін көбейту керек. Сол арқылы шағын бизнесті әрі қарай дамытамыз деген ойдамыз.

Жалпы, «Бизнестің жол картасы-2020» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында биыл облысқа 184 млн теңге бөлініп отыр. Ал бір ғана Қаратау қаласынан 145 млн теңгеге 45 өтініш келіп түскен.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев

Хабар 24 телеарнасы