388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы әуежайындағы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды

  • 709

Алматыда 100 миллилитр сынапты өзімен бірге алып өтпек болған Қазақстан азаматының әрекетінен 6 рейс уақытында ұшпай қалды.

Жүздеген тұрғынды терминалдан шығарып алуға тура келді.

Алматы-Тбилиси рейсіне отыруға таңғы 9:00-де азаматтар бет алды. Олардың арасындағы 38 жастағы жігіттің қол жүгі кеденшінің көңіліне күдік ұялатты. Әліптің артын бақпай, бірден оны тексеру бөлмесіне апарды.

Жомарт Нұрбаев, «Жетісу» кеден бекетінің бас маманы:

- Бұл құты фольгаға оралған болатын. Ашуын өтіндім. Ішінде түсініксіз сұйықтық бар екенін байқадық. Бұл не екенін сұрағанымызда. ол дәрілік препарат деді.

Мұндай контрабандалық жүктің қолға түсуі кеденшілерге таңсық емес. Бірақ бұл жолы әуежайдағы барлық адамдарды сыртқа шығаруға тура келді. Қылмысынан құтылу үшін күдікті сынап толы құтыны жарып, зиянды сұйықтық төгілді. Салдарынан әуежайдың жұмысы бір сағатқа тұсалды.

Денис Кривошеев, жолаушы:

- Төтенше жағдай қызметкерлері келгеннен кейін тазарту жұмыстарын жүргізді. Тек содан кейін ішкі рейстердің ұшуына рұқсат берілді. Бірақ халықаралық рейстердің ұшу уақыты бір жарым-екі сағатқа дейін кешеуілдеді.

Бас-аяғы 6 рейстің аспанға көтерілуі кейінге шегерілді. Оның үшеуі халықаралық әуе лайнері. Болған жайға себепкер азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Асхат Ерболатов, «Жетісу» кеден бекеті басшысының орынбасары:

- Қылмыстық кодекстің 286-бабы 1-тармағы бойынша айып тағылып отыр. Шекарадан заңсыз контрабандалық қаруды алып өтпек болды.

Бұл айыпқа қомақты айыппұл қосылуы да мүмкін. Өйткені әуекомпаниялары рейстерін кешіктіру кесірінен шығынға батты.

Авторлары: Асқарбек Қазанғап, Асқар Серғалиев, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы