386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық дипломаттар Бельгияда елімізден асырап алынған балалармен кездесті

  • 750

Бельгияның Фландрия өңірінде қазақстандық дипломаттар елімізден асырап алынған балалармен кездесті.

Жылына бір рет Бельгияның коммерциялық емес ұйымдары Отбасы күнін атап өтеді. Биыл ол осы елдегі бала асырап алу мен оларды жаңа ортаға бейімдеу мәселелерімен шұғылданатын алғашқы коммерциялық емес ұйымның 10 жылдығымен сәйкес келді.

Қазақстанда туып, жаңа ата-анаға ие болған 450 бала қазір Фландрия өңірінде тұрып жатыр. 18 жасқа толғанға дейін олар Қазақстан азаматтары болып қала береді. Еліміздің заңы бойынша тек кәмелетке толғаннан кейін ғана бұл балалар азаматтығын өз қалаулары бойынша өзгерте алады. Ал оған дейін бүлдіршіндердің өмірі мен тұрмысын Қазақстанның шет елдердегі елшіліктері қатаң бақылап отырады. Заңбұзушылыққа жол берілсе немесе балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасалған болса, Халықаралық ережелерге сәйкес жауапты адамдарға қатаң шара қолданылады. Алайда Қазақстанның Бельгия Корольдігіндегі консулы Марат Батырқұловтың айтуынша, біздің елден бала асырап ала бастаған 10 жыл ішінде бұл елде бірде-бір жағымсыз оқиға тіркелмеген.

Марат Батырқұлов, ҚР Бельгиядағы елшілігінің консулы:

- Егер 2011 жылға дейін біздің елден бельгиялықтар 450 бала асырып алған болса, 2014-2016 жылдар аралығында тек алты өтініш түсті. Олар қазір қаралып жатыр, сондай-ақ Бельгияның «Kleine Miracel» коммерциялық емес ұйымын Қазақстанда аккредитациялау мәселесі де қаралуда. Әзірге мұндай құқыққа Бельгияның тек бір ғана «Larrissа» бала асырып алу және оларды жаңа ортаға бейімдеу агенттігі ие. Бұл ұйымдар бізге балалар туралы толық ақпарат беріп отырады, жылына екі рет біз олардың отбасыларында болып, бұл балалардың жақсы өмір сүріп, лайықты дамуы үшін барлық жағдай жасалғанын өз көзімізбен көріп қайтамыз.

Қазақ балаларына ата-ана болып отырған бельгиялықтар бүлдіршіндердің елге жақсы бейімделіп, жергілікті мектептерде оқитынын айтады. «Өздерінің тарихи Отаны туралы жиі сұрайды», - дейді.

Йоханн Хойбрехтс, Әлиманың асырап алған әкесі:

- Ол өз елін, өзінің шыққан тегін мақтан тұтады және қазіргі кезден картадан өзі бір кездері өмір сүрген Тараз қаласын тауып алып, қызығушылық танытып отырады. Мен оның болашағы бақытты боларына сенімдімін. Қазір ол мектепте жақсы оқиды, бимен шұғылданады, енді тағы гимнастикамен айналысқысы келіп жүр.

Қоғамдық ұйым белсенділері Анеми Пасхойз бен Анник Йорис – бала асырап алу жөнін жақсы білетін бельгиялықтар. Бұл мәселенің бар ауыртпалығын өз бастарынан өткізген олар ата-ана мен баланың бір-бірімен тезірек табысуына көмектесуді міндет санайды.

Анник Йорис, «Kleine Miracel» коммерциялық емес ұйымның өкілі:

- Отбасы күндері Қазақстан мен Бельгия елшіліктері де бізге қосылуға тырысады. Ал бұл олардан сан қолдау көрген балалар мен ата-аналар үшін аса маңызды. Өсе келе балалар өз елдері, өз халқының мәдениеті туралы көбірек білгісі келеді, елдеріне барып, аралағысы келеді. Бүгіннің өзінде олардың  дипломаттар сыйлаған Қазақстан туралы кітаптар мен альбомдарды қызыға қарап отырғанына өзіңіз куәсіз. Олар жергілікті тілді жетік меңгеріп алған, бәлкім кейін өздерінің ана тілдерін де үйреніп алар.

Мейрам Түкенов:

- Мен төрт жарым жасқа толғанда мені бельгиялық ата-анам асырап алған. Қазір жасым 15-те, бұл елге әбден үйреніп алдым, фламанд мектебінің математика сыныбында оқимын. Инженер мамандығын алып, әлемнің түрлі елдерінде еңбек еткім келеді. Жасым 18-ге толғанда Қазақстанға барып, өзім туған жерді көруді, өз Отаным туралы көбірек білуді армандаймын. Мен француз, орыс, ағылшын тілдерін үйреніп жүрмін. Ана тілімді ғаламтор арқылы онлайн режимінде немесе басқа да арнайы мектепте оқу мүмкіндігі болса, қуана үйренер едім.

Бүгінгі кездесуде барлық күш-жігерді біріктіріп, аймақтағы қазақ балалары үшін қазақ тілін оқыту топтарын ашу мәселесі де талданды. Қандастарымыздың армандары жақын уақытта орындалып та қалар.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы