388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Көрші екі елдің шекарасын бекемдейтін уақыт жетті

  • 672

Қырғызстан мен Өзбекстан шекаралас аумақтар жайлы ынтымақтастық жөнінде ортақ келісімге қол қойды.

Ресми құжат Андижан облысында өткен екіжақты кездесуде бекітілді. Бұл қырғыз үкіметінің Өзбекстанға соңғы 10 жылдан бері алғаш табан тіреуі. Сарапшылар ресми Бішкек пен Ташкент арасында қайта орнаған қарым-қатынасты бейбіт бастамаға балады.

Өзбекстан мен Қырғызстан қарым-қатынасының шиеленіскен себебі ортақ су көздері дұрыс пайдаланылмай, 400 шақырымды алып жатқан екі ортадағы шекара нақты белгіленбеді. Қырғызстанның оңтүстігіндегі Үңгір Тау аймағы осындай даулы мәселеге айналды. Бір ай бұрын шекараның осы бөлігіндегі 4 қызметкерді Өзбекстан милициясы 3 апта қамауда ұстады. Ал екі ел ортақ шекарадағы 58 аумақты бөлісе алмай келеді. Әсіресе, Өзбекстан тарапы өз ұстанымын өзгертпей отыр. Бірақ, Қырғызстан делегациясының шекаралас ауданға шақырылуы көпшілік көкейіне үміт ұялатты.

Токон Мамытов, Қырғызстан қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы төрағасы:

- Бұл – достасудың үшінші кезеңі. Көрші елмен қарым-қатынас орнату осы жолы нәтиже беріп, Қырығызстан мен Өзбекстанның мәңгілік достығы туралы келісімге қол қойылған 1996-97 жылдардағыдай болады деп сенемін.   

Анвар Макеев Қырғызстанның Өзбекстандағы елшісі болып қызмет етті. Ол екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың қыр-сырын жақсы біледі. Сондықтан, өз тәжірибесіне сүйеніп, достық меморандумына қол қою рәсімінде еш кедергі болмайды деп сенеді.

Анвар Макеев, Қырғызстанның Өзбекстандағы бұрынғы елшісі:

- Бұл марқұм Ислам Каримов негізін салып кеткен дәстүрдің жалғасуы. Яғни, ол кісі де көрші елдермен қарым-қатынасты жақсартып, екі жаққа пайдалы ынтымақтастықты кеңейту мәселесімен айналысты.

Жалпы өзбек елінің қырғыз делегациясын шақыруы тегін емес. Себебі, бұл мемлекет жаңа президентін сайлауға дайындық жасап жатыр. Келіссөздер нәтижесі алдағы уақытта белгілі болады.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы