383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтауда айрықша дәмхана ашылды

  • 841

Ерекшелігі сол, мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтар ас пісіріп, тұтынушыларға қызмет көрсетеді.

Тың бастама аймақтық «Жаңа серпін» бағдарламасы аясында өмірге келген. Жоба мақсаты кембағал жандардың жұмысқа тұруына жол ашу.

Жастайынан жүйке сырқатына шалдыққан Максим Кожарин үшін асүйдің тірлігі таңсық емес. Бұдан бұрын ол қаладағы мейрамханаларда да аспаздық қызмет атқарған. Мақсаты өзі сүйген мамандығын жетілдіріп, кәсіби деңгейден көріну.

Максим Кожарин, бас аспаздың көмекшісі:

- Келешекте шеф-аспаз болуды армандаймын. Дәмханадан бөлек, үйде әжемнің ас пісіруіне көмектесемін. Саңырауқұлақ сорпасы мен түрлі котлеттер менің сүйікті асым.

Елена Хачатурян қолындағы ас мәзіріне мақтанышпен қарауда. Өйткені, перзенті мұндағы тағамдардың әзірленуіне үлес қосты. Бұрын асүй тірлігіне жақындамайтын ұлының бүгінде қолынан бал тамған аспаз болғанына дән риза. 

Елена Хачатурян, қала тұрғыны:

- Аспаз мамандығына үнемі сұраныс жоғары. Біріншіден, ол ас дайындап нәпақасын табады. Ешкімнің қолына қарамайды. Сонымен қатар, бағдарлама арқылы тәжірибесін ұштауда. Ұлымның қызметке тұруына мүмкіндігі молайғанына қуаныштымын.

Дәмхана мәзірінде алты түрлі ыстық тамақ пен тәтті тоқаштардың түр-түрі бар. Көпшілік көңілін баурап алған тағамдардың бағасы да қолжетімді.

Қайрат Рысбаев, «Жаңа серпін» КММ жетекшісі:

- Бұл азаматтарды біз бір ай жарым көлемінде мейрамханада оқытып, үйретіп алдық. Бұл азаматтардың арасында шеф-аспазымыз бар. Сол кісі балалардың білімін жетілдіріп, әрі қарай үйретіп жатыр. 

Жоба ұйымдастырушылары осылайша кембағал жандардың өмірден өз орнын табуына қол ұшын беруде. Алдағы күндері осы жерде тренингтер өткізу жоспарланған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Дусалиев

Хабар 24 телеарнасы