383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еуропада жаппай жұмыстан қысқарту басталды

  • 634

Еуропаның ірі банктері мыңдаған қызметкерін жұмыстан босатуға мәжбүр.

Жаппай қысқартуға  Германия, Италия мен Нидерландтың қаржы институты қызметкерлері ілікті.

«Еуропа банктерінде соңғы рет өткізілген стресс-тестілеу жақсы нәтиже көрсеткенімен, болашақта оларды қауіп-қатерлер күтіп тұр», - деген пікірде сарапшылар. Халықаралық валюта қорының болжамына сүйенсек, қаржы институттарының 30%-ы келешекте дағдарыстан аман шықпасы анық. Яғни банктердің біразы жабылады деген сөз. Клиенттер белсенділігінің төмендеуі, пайыздық мөлшерлеме мен бақылауды күшейту салдарынан еуропалық банктердің табысы айтарлықтай төмендеген.

Петер Даттелс, Халықаралық валюта қорының капитал нарығы жөніндегі директордың орынбасары:

- Есеп берудегі негізгі ойымыз – төсімге кері әсер ететін құрылымдық проблемаларды шешетін уақыт келді. Осыған зер салмасақ, біздің  мәселелеріміз әлі ұзақ уақыт шешілмейтін сынды. Жұмысымыздың тиімсіз болғаны дұрыс емес. Сондықтан экономиканың тұрақтылығын бұдан әрі де қамтамасыз ету үшін жүйені оңтайландыруға көшу қажет.

Миллиардтаған еуроны үнемдеп қалу үшін банктер қызметкерлерін жаппай қысқартуға мәжбүр. Неміс БАҚ мәліметіне сүйенсек, көп қысқартулар итальяндық UniCredit мекемесінде болады. Онда шамамен 12 мың адамды қысқарту жоспарланып отыр. Екінші орында 9,5 мың қызметкерін жұмыстан шығаруға дайын отырған немістің Commerzbankі тұр. Нидерландтың ING банкі 7 мың қызметкерін қысқартатыны жайлы жуырда ескерткен болатын. Сондай-ақ испандық BancoPopular Español де штатын 3 мың адамға қысқартуды көздеп отыр.

Банктердің қызметкерлерін бірден қысқартпайтынын атап өткен жөн. Бұл үрдіс ұзақ жылдарға жалғасуы мүмкін. Соңғы кезде қаржылық реттеу институттарын шығындарды азайту мәселесі қатты алаңдатуда. Сондықтан олар банк жүйесін, оның ішінде интернет пен мобильді банкингті барынша автоматтандыруға көшуді ойлап отыр.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы