387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында инфрақұрылым дамып келеді

  • 1666

Мәжіліс депутаттары Алматы облысына барды.

Онда халық қалаулылары Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты бағдарламасының іске асу барысымен танысады. Сол үшін арнайы көшпелі отырыс та өтті. Онда мәжілісмендер «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын дамыту ісімен танысып, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін салған соң аймақ инфрақұрылымындағы оң өзгерісті байқады.

Мәжіліс депутаттары алдымен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізіне кіретін «Жетіген-Қорғас» жолының құрылысымен танысты. 304 шақырымдық жол құрылысында 4 мыңға жуық адам еңбек етеді. Жоспарға сай жол биыл тапсырылуы қажет. Мамандар уақытынан аздап кешігіп жүрміз, кейбір аймақтарда көпір құрылыстары аяқталмай жатыр. Алайда жыл соңына дейін барлық кемшіліктерді жойып, уақытында тапсырамыз деп отыр.

Берік Қамалиев, ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары:

- 2020 жылға дейін біз жеті  мың шақырым жолды ақылы істеуіміз керек. Келесі жылдан бастап Алматы-Қорғас, Ташкент-Шымкент, Қызылорда-Шымкент учаскелерін де кіргіземіз. Үкіметтен берілген үлкен ақшаларды қайтару үшін бізге осындай төлемақаны енгізу керек.

«Қорғас» арнайы экономикалық аймағында инфрақұрылым дамып келеді. Мұнда 18 мың контейнерге арналған құрғақ порт салынған. Логистикалық орталықта әзірге 60 адам еңбек етеді. Ал «Нұркент» қалашығында қазіргі кезде 10 мыңға жуық адам тұрады. Мұнда мектеп пен емхана, балабақша бар. Өңірдің өркендеуіне теміржолдың ықпалы зор. Қазақстан мен көрші елдер арасындағы тауар айналымының негізгі үлесі теміржол арқылы өтеді.

Еркін Жусанбаев, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ АҚ Басқарма басшысының орынбасары:

- Біз 2020 жылға дейін Қытай-Еуропа бағытындағы жүк айналымы жылына 800 контейнерді құрайды деп ойлаймыз. Сонымен қатар Иран мен Түркия бағыттарындағы жүк айналым да ұлғайды.

Кездесу барысында депутаттар еліміздің көлік-логистика кешенін және кәсіпкерлікті одан әрі дамыту, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық базасын жетілдіру жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыру мәселелерін талқылады.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:     

- «Батыс Еуроапа-Батыс Қытай» жолы, «Қорғас – Шығыс қақпасы арнай экономикалық аймағы» осылардың барлығы біздің жалпы экономикамызды нығайтуға әрі қарай да көтеруге өз үлесін қосады деп ойлаймыз.

Сондай ақ жұмыс барысында депутаттар Жаркенттегі бірқатар нысандарды аралап, жүгері өңдейтін крахмал-сірне зауытымен және Қорғас өзенінде салынған жасанды су қоймасымен танысты.

Авторлары: Алмас Сәдуақас, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы