384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Грекияда қатаң үнемдеу шаралары қолға алынды

  • 644

Несие берушілерден қарыз алмақ болған Грекия қатаң үнемдеу шараларын қолдануға мәжбүр.

Зейнетақы көлемін азайтып, мемлекеттік компанияларды сатылымға шығару арқасында үкімет 2,8 миллиард еуро транш алуды көздеп отыр. Қатаң үнемдеу шараларының салдарынан гректердің 25 пайызы жұмыссыз қалды. Бұл Еуропадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Халықтың табысы біршама төмендеді. Ал салық пен тауар бағасы керісінше, күн санап артып келеді. Дүкен аралап жүретіндер бұрынғыға қарағанда әлдеқайда аз. Кенеттен тауар сатып алатындар да көп емес. Халықтың 20 пайызының ғана шотында ақшасы бар. Үкімет қабылдаған реформалар Еуропалық несие берушілерге жағымды көрінсе, қалың бұқараның жағдайы көңіл көншітпейді. 40 жыл бойы тіс емдеу клиникасын басқаратын Ангелос Какламанис та солардың қатарында. Оның айтуынша, тіс емдеуді адамдардың қалтасы көтермейді. Кәсіпкер өз қызметтерінің төлемін түсіріп, жұмыс күнін ұзартты. Соның арқасында аз да болса, табыс көріп отыр. Алайда тіс дәрігері маңдай терін төгіп тапқан әр жүз еуроның 75-ін үкіметке салық ретінде тапсырады.

Ангелос Какламанис, тіс клиникасының басшысы:

- Мемлекет бізге көмектеспейді. Керісінше, салық артып, табысымыз азайып жатыр. Мен кәсіпкермін, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырмын. Ал үкімет бізді қолдаудың орнына кедергі келтіреді.

Ең алғаш болып, медицина саласына бөлінетін қаражат көлемі азайтылды. Жеке клиникалардың басым бөлігі жабылды. Ал мемлекеттік мекемелерде дәрігерлер мен дәрі-дәрмек жетіспейді. Мұндай жағдай халықты үрейлендірді. Адамдар шерулерге шыға бастады. Үкіметтің әрекетсіздігін көрген халық оған сенуден қалды. Гректердің 50 пайызы келешекте оң өзгеріс болмайды деп есептейді. Билік өкілдері бұған түсіністікпен қарап, Еуропалық несие берушілер де өз міндеттерін атқаруы тиіс деген мәлімдеме жасады.

Яннис Стурнарас, Грекия орталық банкінің төрағасы:

- Еуротоп та Грекияның қарыздық жүктемесін азайтуы керек. Олар бізге уәде берген. Грек экономикасы қайта құрылып жатыр. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін елдің осындай өзгерістердің болуы тарихта алғаш рет кездесіп отыр. Шот пен бюджетте дефицит үлкен болғандықтан, сальдо оң болып тұр.

Соңғы алты жыл ішінде Грекия несие берушілерден 3 рет қаржылай жәрдем алды. Алғашқы 240 миллиард еуро экономиканы дағдарыстан кейін қайта жандандыру үшін жетпеді. Тағы қаражат алу үшін, мемлекет реформа жүргізуді жалғастыруы тиіс. Тағы да бюджетті қысқартып, мемлекеттік мекемелерді жекешелендіріп, энергетика секторын да реформадан өткізу қажет. Егер нәтиже болса, келесі айда Грекияға 3 миллиард еуроны құрайтын транш берілуі мүмкін.

Авторлары: Дариға Ташенова, Юлия Гончар, Массимилиано Вольпе.

Хабар 24 телеарнасы