389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарлық қалталы азаматтар туған ауылдарын қамқорлыққа алды

  • 621

Ертіс өңірінде кәсіпкерлер өздері туып-өскен ауыл-аймақты өркендетуге атсалысып жатыр.

Мәселен, Павлодар ауданында қалталы азаматтар жергілікті билікпен келісімге келіп, жол жөндеп, балалар алаңын салып, мәдениет үйлеріне жөндеу жүргізетін болды. Ауылды абаттандыруға ұдайы үлес қосып жүрген Луганск ауылындағы өндірістік кооператив өз міндеттемесін орындауға көптің алды болып кірісіп кетті.

Луганск ауылында орын тепкен өндірістік кооператив елді мекеннің әлеуметтік өмірін жақсартуға айтарлықтай үлес қосып келеді. Бүгінгі таңда үш жүз адамды еңбекпен қамтып отыр. Елді мекеннің инфрақұрылымын толық өз мойнына алған. Іргелі шаруашылық биыл ауылдың жолдарына жөндеу жүргізді.

Зухра Аушакимова, ауыл тұрғыны:

- Өндірістік кооперативтің біздің ауылымызға қосып отырған үлесі көп. Қазір кешелердің жолдары жөнделіп жатыр. Екі балалар алаңы салынды және де осы қысқа қарай хоккей корты салынады.

Кооператив басшысы Петр Кузьменко жылдан-жылға шаруашылық ауқымы кеңейіп, мүмкіндіктердің арта түскенін айтты. Тиісінше халықтың еңсесі көтеріліп, ертеңіне сенімі молайған. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында Луганск ауылының жеткен өз жетістіктері бар. Биыл үш бірдей көшенің жолы жөнделді. Бірнеше балалар алаңы пайда болды.

Құрылысы басталған хоккей корты мерейлі жылда ауыл балаларына жасалған тамаша тарту болмақ. Спорттық нысанды желтоқсан айында қолданысқа беру көзделіп отыр.

Бұл жерді қыс мезгілінде мұз айдыны, жазда футбол алаңы ретінде пайдалану жоспарланып отыр.

Нұрымжан Бәкіров, Бригадир:

- Жаңа жылда жасыл шырша орнатып, бүкіл ауылға мереке сыйламақ ойымыз бар. Әрине, балаларға арнап салынып жатқан соң барымызды салып, дер кезінде тапсыруға тырысамыз.

Ағымдағы жылда ауылды көтеруге бағытталған инвестиция көлемі өткен жылдармен салыстырғанда үш есеге өскен. Келешекте атқарылатын іс бұдан да көп. Ауылды дамытудың бесжылдық стратегиялық жоспары құрылыпты.

Петр Кузьменко, «Луганск» өндірістік кооперативінің басшысы:

- Біз келешекте тағы екі көшеге асфальт төсейміз. Екі спорттық нысан саламыз. Жыл сайын ауылымызға 15-20 миллион теңге қаржы саламыз. Биылғы үлесіміз шамамен 45 миллион теңгеге жетті.

Өндірістік кооператив жақын күндері 16 тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын бастайды. Демек, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын еңбеккерлер жаңа үйде қарсы алады деген сөз.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова Арман Якубов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы