386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-да Шаған өзенінен өтетін талапқа сай көпір салынбақ

  • 963

Көпшілік көптен бері мұқтаж болған көпір мәселесі шешіледі.

Батыс Қазақстан облысындағы Макаров ауылдық округіне 4 бірдей елді мекен қарайды. Соның бірі Садовая ауылы қаланың дәл іргесінде. Алайда ауыл тұрғындарының облыс орталығына барып қайтуы ақырет қайым. Өйткені өзеннен салмен өтетін жолаушылар арғы бетке жандарын шүберекке түйіп жетеді.

Макаров ауылдық округіндегі мың жарым тұрғынның мұң-зары ортақ. Ол Шаған өзенінен өтетін талапқа сай көпір болса деген арман еді. Бұл туралы талай мәрте айтылды, жазылды. Енді міне, сең қозғалғандай. Дәл осы жерден жаңа көпірдің құрылысы басталды.

Жаңа көпір ауыл тұрғындарын толғандырған бірнеше мәселені шешеді. Мәселен, Садовая ауылының жоғары сынып оқушылары 8 шақырым жердегі Макаров ауылына қатынап оқитын. Енді олар жаңа нысанның көмегімен қаладағы білім ошақтарына бара алады. Көпір құрылысына жергілікті бюджеттен 35 миллион теңге қаржы бөлінді. Мердігер кәсіпорын жұмысты алдағы жылдың ақпан айында аяқтаймыз деп отыр.

Сергей Косухин, Мердігер компанияның учаске басшысы:

- Құрылысты қыркүйек айында бастадық. Арнайы сым-арқандар осы мақсатта пайдаланылатын зәкірлердің көмегімен керіледі. Қазір жағалауды қазып, көпірдің негізі қалауға кірістік. Аумағы кең, сондықтан адамдардың өтуіне өте қолайлы болады.

Мына жасанды салды ауыл тұрғындары 20 жыл бұрын жасап алыпты. Арғы бетке өту үшін тұрғындар 25 теңге төлейді. Ені 1,5, ұзындығы 117 метр болатын кермелі көпірдің тезірек аяқталуын ауыл халқы да асыға күтіп жүр.

Серік Сәменов, Садовая ауылының тұрғыны:

- Көктемде қиындау кішкене. Көпірден өтеміз, жұмыстағылар қалаға жатады, барып келіп жасаймыз осылай күнде. Салып бастап жатыр ғой енді. Көктемде болады деп тұр, сенеміз-дағы.

Облыс аумағында осындай он шақты көпір бар. Дегенмен, барлығы да біртіндеп ретке келтіріледі. Мәселен, қазір Мичурин мен Зеленый ауылы арасында құны 55 миллион теңге болатын осындай аспалы көпірдің құрылысы басталды.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Руслан Ғазизов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы