384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мәскеу мен Анкара қарым-қатынасын реттеуде Қазақстанның маңызы зор – сарапшы

  • 705

Енді Анкара мен Мәскеу арасындағы қатынастарға, өзге жақтан қарап көрейік. Мәскеудегі меншікті тілшіміз Ресейдің сарапшылар қауымдастығын тыңдап көрді.

Олар Владимир Путиннің Түркияға сапарын қалай бағалады?

Ресей үкіметі Владимир Путин мен Режеп Тайип Ердоған арасында өткен кездесуден кейін Түркиямен арадағы әріптестіктің жаңа деңгейге көтерілетініне үмітті. Мұны әзірше стратегиялық серіктестік деп атау қиын, дегенмен тату көрші ретінде қарым-қатынас орнатуға ниет зор.

Адальби Шхагошев, РФ Мемлекеттік думасы Халықаралық істер бойынша комитетінің мүшесі:

- Ең басында бұл жағдай өзгеше дамуы мүмкін еді, көбісі Түркия мен Ресей арасындағы текетірес ұзаққа, ондаған жылдарға жалғасады деп санаған. Дегенмен, іс оңға басты. Мемлекет мүдделерін ойлайтын саясаткерлер екі ел арасындағы қатынастарды реттеу қажеттігін біледі. Нұрсұлтан Назарбаевтың арағайындығы осыған негізделген еді, осы мәселемен оның айналысқаны есімде бар.

Ресейлік әскери ұшақ атып түсірілгеннен кейін Владмир Путиннің Түркияға жасаған алғашқы сапары жемісті болды. Екі ел Қара теңіз түбімен газ құбырын салуға келісті. Болашақта «Түрік ағыны» арқылы Еуропаға көгілдір отын тасымалдануы мүмкін. Түркия – Германиядан кейін тұрған ресейлік газдың ең ірі тұтынушысы. Ресей өз жағынан түрік көкөнісіне өз нарығын ашатын болды. Былтыр оның саудасы шамамен бес жүз миллион доллар төңірегінде болған. Алайда Түркияға қарсы санкциялар қабылданғаннан кейін 2016 жылдың бірінші жартысында екі ел арасындағы тауар айналымы 40%-ға төмендеді. Жалпы сарапшылар осы келіссөздер Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арағайындығының жемісі екенін ерекше атап жүр.

Владимир Аватков, Шығыстану орталығының директоры:

- Қазақстан – Ресей мен Түркияны байланыстыра алатын өзіндік орны бар мемлекет. Себебі бір жағынан Қазақстан Еуразиялық Одаққа мүше, екінші жағынан Түркі кеңесіне де кіреді. Сол себептен Мәскеу мен Анкара арасында қарым-қатынасты реттеуде Қазақстанның маңызы зор. Уақыт өте келе бұл мәселенің маңызы тек арта түседі деп ойлаймын.

Саясаттанушылар да Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың реттелуіне өзіндік бағасын беріп жатыр. Олардың да пайымдауынша, Қазақ елі басшысының бұл ретте қосқан үлесі өте зор.

Авторлары: Дана Нұржан, Тимур Алтынбаев

Хабар 24 телеарнасы