386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Индонезияда зағип жандарға арналаған кино көрсетілімдер ашылды

  • 803

Индонезия астанасы Джакартадағы зағип жандар кинотеатр көрермені болуға мүмкіндік алды.

Фильмді толықтай түсініп, одан әсер алуға ұйымдасқан еріктілер тобы көмек береді. Сондай-ақ олар өздерін зағип жандардың көзіміз деп атайды.

Джакарта кинотетарларына көру қабілеті өте нашар және мүлде көрмейтін жандар да жиі баратын болды. Олардың көгілдір экрандағы оқиғаны түсініп, сезінуіне еріктілер жәрдем береді. Бұл жоба өткен жылы колға алынды. Ұйымдастырушылар ай сайын 16 зағип жанды киноға шақырады. Олардың айтуынша, барлық адам тең дәрежеде өмір сүруі тиіс.

Прасетянинг Диах, ерікті:

- Қазір кинотеатрларда индонезиялық кинолармен қатар шетелдік туындылар да көрсетіліп жатыр. Алайда оны барлық адамның көре алмайтыны өкінішті. Осы жобаға қатысқалы көзі көрмейтін адамдардың кино көруге деген құштарлығы қаншалықты күшті екенін түсіндім. Сондықтан экрандағы бейнелерді олардың толық түсінуі үшін көмектесуді жөн санадым. Олар да біздің ісімізді жөн санайды.

Жарық дүниені көрсем деп армандайтын жандардың бірі Сисванто. Бүгінде жасы 43-ке келген. Ол еріктілердің жобасы басталғалы бірде-бір кинодан қалып көрген жоқ. Енді көк сандықтағы көріністің дауысын ғана естіп қоймай, әртістердің не кигені, қалай қозғалғаны жайында толық ақпарат алып, өзге келушілермен бірге көрген киносын талқылай алады.

Сисванто, кинотеатр келушісі:

- Бұл сеанстар менің танымымды кеңейтіп, уақытты қызықты өткізуіме көп көмектеседі. Оның үстіне киноны жаным сүйеді.

Сиси Суисиати, Whisper theatre жобасының ұйымдастырушысы:

- Тұрғындар мүмкіндігі шектеулі жандарды, әсіресе зағип адамдарды қоғамның бір мүшесі ретінде қабылдаса екен деймін. Олар да біз секілді адам. Олар дыбыс арқылы телефон пайдаланып, арнайы кітаптарды оқи алады. Бізден ешқандай айырмашылығы жоқ.

Индонезияның ұлттық статистика департаментінің мәліметі бойынша елдегі 250 миллион тұрғынның 4 миллионға жуығы зағип. Көпшілігінің көзін шел басып, көрмей қалған. Себебі дертті емдетуге қалтасы көтермейді. Жобаны ұйымдастырушылар болса өз әрекеттері арқылы биліктің назарын аударып, кино көрсетілімдерін жиі өткізуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожаев, Әсемай Сахип

Хабар 24 телеарнасы