389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қырғызстанда өзге елдердің тауарлары жаңа жүйемен есептеледі

  • 797

Қырғызстанда Еуразиялық Экономикалық Одақ елдерінен баратын тауарлар жаңа жүйемен есептелетін болды.

Салықшылардың пайымдауынша, бастама барлық тарапқа да ыңғайлы әрі тиімді. Яғни, осы жаңашылдықтың арқасында енді кәсіпкерлер барлық құжатты өздері рәсімдей алады. Демек, жүргізушілер бұрынғыдай шекарада әуре-сарсаңға түспейді. Жүк тасымалына қатысты ескі жүйенің ғұмыры бар болғаны бір жылға ғана созылды. Кәсіпкерлер Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдерден әкелген тауар үшін арнайы талон толтыруы тиіс еді. Құжатты рәсімдеу үрдісі өз құзырларында болғандықтан бизнесмендерден еш заң бұзушылық табылмады. Нәтижесінде қазына бюджеті бір айда 200 млн-ге қағылды. Бұл шамамен 2 млрд теңге.

Кубан Айдаралиев, Қырғыз Республикасы экономика министрлігінің салық саясаты басқармасының басшысы:

- Жүк көлемін жасырып, салықтан жалтарғандар болды. Тіпті салық басқармасының мамандары тексеріс жүргізген кезде сәйкестендіру нөмірі белгіленбеген тауарды таба алмай қалатын жағдайлар да кездесті.

Жаңа ереже тауарды өткізу тәртібін біршама жеңілдетпек. Өйткені рұқсат алу үшін бұрынғыдай шекарада ұзын-сонар кезекке тұрудың қажеті жоқ. Жүргізуші құжат толтырып әлек болмайды. Барлық жұмысты жүкті жөнелткен кәсіпкер көлік жолға шықпай жатып алдын-ала тындырып қоюы тиіс.

Октябрь Әбдіқайымов, Қырғыз Республикасы мемлекеттік салық қызметі төрағасының орынбасары:

- Кәсіпкердің қолында қажетті құжат болмаған жағдайдың өзінде, шекара қызметі жүкті Қырғызстан аумағына өткізеді. Бірақ ол туралы арнайы мамандарға хабарлап отырады. Олар өз кезегінде кәсіпкерге салығын төлеткізіп, рұқсат қағазын алуға мүмкіндік жасайды.

Жаңа жүйе кәсіпкердің заңды белшеден басуына жол бермейді. Алаяқтықты болдырмау үшін заңды да қатайтуға тура келді. Ал заңға бағынбағандардың тауары тәркіленіп, 100 мың сомға дейін айыппұл төлейді. Бұл шамамен жарты миллион теңге.

Авторы: Бакыт Чермашев.

Хабар 24 телеарнасы