379,75 415,08 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайлық өрт сөндіруші ерекше ерлік танытты

  • 1120

Қатерден сескенбейтін ержүрек өрт сөндіруші.

Қостанай қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Данияр Қалиевті әріптестері осылай құрмет тұтады. Осы жылдың ақпан айында, түн ортасында тұтанған өртті бұл үйдің тұрғындары ешқашан ұмытпақ емес. Түнгі сағат 02.00-лерде қоқыс тастайтын құбырдан от шығып, 20 отбасы тұратын подъезд тұрғындары қызыл оттың құрсауында қалды. Хабар түскеннен кейін, небәрі 4 минут ішінде жеткен өрт сөндірушілер іле құтқару жұмысына кірісті.

Зинаида Печерица, Қостанай қаласының тұрғыны:

- Әрқайсымыздың есігімізді қағып, хабарлап, шығуымызға көмектесті. Жанталаса далаға жүгірдік. Біз шығып үлгіргеннен кейін үш минуттан соң қоқыс тастайтын құбырда жарылыс болды. Құтқарушылардың арқасында адамдар аман қалды. Сарбаздар шапшаң қимылдап, өртті жылдам өшірді.

Сол жолы Данияр Қалиев басқаратын бөлімше жоғары қабаттарға арнайы баспалдақтармен өрлеп, бес адамды алып шықты. Оның үшеуі бала болатын. Әрі өрттің өршуін тиып, тұтас үйді отқа оранудан сақтап қалды. Командирдің сондағы өжет қимылына тұрғындар тәнті. Ал Данияр болса, мұны азаматтық әрі қызметтік парызым деп санайды. Оның күнделікті жұмысында мұндай қатерлі сәттер жиі кездеседі.

Данияр Қалиев, Қостанай қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:

- Біздің жұмыс қиын да күрделі. Адамдарды құтқару керек, өрт сөндіру керек, ол кезде өзіңді ойламайсың. Біз әртүрлі жағдайлармен кездесеміз. Оның ішінде адамдарды құтқарып, өмір сыйлаймыз оларға.

Жылдамдық, батылдық, шешімталдық пен қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау. Бұл өрт сөндірушілер үшін қажет ең басты талап. Сарбазға тән бар қасиет бойынан табылатын Даниярды әріптестері ерекше бағалайды.

Василий Семенков, Қостанай қалалық №3 өрт сөндіру бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Ол алдына мақсат қоя білетін тегеурінді азамат. Өзінің кәсібіне адал, машығын үнемі жетілдіріп отырады. Сын сәтте оқиғаға сай шешім қабылдап, тапсырылған істі мұқият орындайды.

Өз қызметіне деген адалдығы мен кәсіби біліктілігі, өжеттілігі еленіп Данияр Қалиев биыл «Ерен ерлігі үшін» төсбелгісін кеудесіне тақты. Алайда, қарапайым сарбаз үшін ең басты марапат – апаттан аман шығып, өмірі қайта жалғанған адамдардың шынайы алғысы.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров.

Хабар 24 телеарнасы