386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Дипломмен ауылға» бағдарламасының арқасында талай жас шаңырақ көтеріп жатыр

  • 965

«Дипломмен ауылға» бағдарламасының арқасында талай жас шаңырақ көтеріп, ұлттық демография өсіміне өзіндік үлес қосып жүр.

Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданына осы жоба арқылы келгендердің көбі өзара отау тігіп , жаңа өмірге қадам жасап жатыр. Мемлекет қамқорлығымен көтерме ақы алып, баспаналы болған олар еселі еңбегін ел дамуына арнайтынын айтады.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы табыстырған жұптардың бірі – Мырзат пен Раушан. Бірі осыдан 4 жыл бұрын, екіншісі биыл Семейдегі музыкалық колледжді тәмамдап, ауылға бет алыпты. Болашағын ауылмен байланыстырған жастар шаңырақ көреді.

Мемлекет оларға баспана мен көтермеақы берді. Өнерде де, өмірде де қос аққудай қол ұстасқан ғашықтар облыстағы ең үздік мәдени ұжымға келгендерін мақтан етеді. Жас отауға ұжымдастары да жөн сілтеп, ақыл-кеңестерін айтып отырады.

Раушан Қалқабаева, жас маман:

- Біз екеуміз бір жерде істейміз, сонда танысып, бір-бірімізге қарама-қарсы отырамыз. Сондықтан сезім оты жарқылдап қалдық содан. Жалғыз отбасымен ғана шектелмей, жұмыс барысын екеуміз бірге атқарамыз.

Жарма аудандық Мәдениет үйінде бүгінде бірнеше ұжым берекелі еңбек етуде. Жас өнерпаздар игі дәстүрді одан әрі жалғамақ.

Мырзат Қадылхан, жас маман:

- Болашақта осында ары қарай жұмыс істей берем, еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосамын. Бала-шағаның, қазақтың санын көбейтіп, осында жұмыс жасай берем.

Аманжол Дәуітов, Жарма аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі:

- Монғолияда жүріп, біздің Шәкәрім университетінің музыкалық бөлімін бітірген қыз баламен өзіміздің оркестрдің Ринат деген ұлымыз үйленгелі жатыр. Сол құдалыққа дайындалып жатырмыз. Мұның бәрі қазақтың санын көбейтумен қоса, кейінгі жылдарда, бізден кейін Жармада өнердің өлмейтіндігінің бір куәсі сияқты.

Жалпы 7 жылдың ішінде ауданға 220-дан астам жас маман келіп, тұрақтапты. Оларға мемлекет жан-жақты қолдау көрсетуде. Келесі жылы да «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жалғасын тауып, жас отаулардың саны арта түсетініне сенім мол.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы