389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысында жөндеу жұмыстарына ұстаздар өз қаржысын шығындаған

  • 633

Ақмола облысының Зеренді ауданына қарасты Гранитный ауылында мұғалімдер мектептің жөндеу жұмыстарын өз қаражаттарына жасатып келген.

Ал жарты ғасырлық тарихы бар білім ордасы күрделі жөндеуді талап етеді. Биыл Ақмола облысының білім беру мекемелеріне 60 миллиард теңге бағытталған. Алайда бұл қаржы шалғай ауылдағы мектепке тағы да жетпей қалды. Мектептің қабырғасы қақырап, едені сөгілген, баспалдақтары шіріп кеткен. Қай тұсына қарасаң да қауіп-қатер жасырған, сүреңсіз көріністер. 50 жылдай жөні түзу жөндеу көрмеген Гранитный ауылындағы білім ошағының қазіргі сиқы осындай.

Мырзахмет Байгулин, мектеп директоры:

- 2012 жылы мұнда жылу жүйесі толықтай жаңартылды. Биыл бізге өзімізге тиесілі бояу-сырларды бөлді. Жетпегенін өзіміз жетістірдік. Мұғалімдер жыл сайын пән кабинеттерін өздері жөндеп алады. Күрделі жөндеу мәселесін жыл сайын көтереміз, болмаған соң өзіміз жасап аламыз.

Осыған дейін мектепті күрделі жөндеуге 2 миллион теңге жұмсалған. Бірақ, бұдан білім ұясының жағдайы жақсарып кетпеген. Жылыту қазандығы істен шыққандықтан, сынып бөлмелері суықтан қақырап тұр. Асхананың ішкі көрінісі де көңіл көншітпейді. Қазір балалар уақытша лайықтап жасақталған бөлмеде ас-суын ішіп амалдап жүр. Ал спорт залды пән мұғалімдері өз қаржысына жөндеп алған. Мұнда мектептен тыс сабақтар мүлде өткізілмейді.

Самал Жүнісова, мұғалім:

- Ремонт жоқ. Ремонтқа ақша бөлген жоқ. Әр класты ремонттау үшін өзіміз ақша жинап, ремонттап аламыз. Терезені сырлап, перделерін сатып алуға қажетті қаржыны ұстаздар өздерінің азғантай жалақысынан жырып беруге мәжбүр. Алайда, арызданып, жағдайды жайып салуға жоғарғы жақтың қаһарына ұшыраудан қорқамыз дейді. Сондықтан болар, облыстық білім басқармасындағылар мектептің қазіргі жағдайы туралы тілшілерден естіп-біліп, таң қалды.

Валерий Гамазов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Мектеп әкімшілігінің оқушылардан да, мұғалімдерден де ақша жинауға құқығы жоқ. Бұл қаржы аудандық, қалалық бюджеттен бөлінеді. Осы жағдайға байланысты тиісті тексеру жүргізіледі. Бұл жерде мәселені алға тартып шағымданбаған мектеп директоры, қала берді ешқандай шара алмаған аудандық білім бөлімі кінәлі.

Мектептің жыл сайынғы жөндеу жұмыстарына қажетті қаржы аудандық білім бөлімінен бөлінуі тиіс. Аталған білім ордасына биылға еденге арналған бірнеше қалбыр сыр ғана берілген. Ал аудандық білім бөлімінің бюджет көлемі екі жарым миллиард теңгеге жетіп отыр.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Сәуле Құсайынова, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко.

Хабар 24 телеарнасы