384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Астана Операда» талантты жас музыканттардың қатысуымен концерт өтеді

  • 903
«Астана Операда» талантты жас музыканттардың қатысуымен концерт өтеді

Талантты қазақстандық музыканттардың жаңа толқыны Рахат-Би Әбдісағин, Азат Мәлік, Назым Сағынтай, Қалқаман Дүйсенбаевтардың есімі шетелде кең танылған.

Жас әншілердің қатысуымен 21 қазан күні «Астана Опера» театрының Камералық залында «Жастар шығармашылығы» концерті өтеді.

Кеште елорда қонақтары мен тұрғындары дарынды музыканттардың шығармашылығымен таныса алады. Рахат-Би Әбдісағиннің жасы небары 17, алайда ол 100 жуық шығарманың авторы атанып үлгерді. Қазақстандық композитор түрлі бағыттар мен стильдерде жұмыс жасайды. Ол Еуропаға өзін біртуар талант ретінде көрсете білді. Оның өзгеше тілде жазылған заманауи шығармалары үлкен танымалдылыққа ие.

Рахат-Би Әбдісағиннің музыкасын Александр Тараскин (флейта), Алмаз Тоқпанов (кларнет), Данияр Есімханов (фортепиано), Айдар Фазылов (вибрафон) орындайды. Фортепиано партиясында - Раушан Бескемпірова.

Концерттің әрбір шақырылған қатысушысы жас болса да, біраз жетістікке жетіп үлгерген. Мәселен, баритон Азат Мәлік таяуда ғана беделді байқау – Ева Мартонның II халықаралық опера орындаушылары конкурсының дипломанты және бірнеше арнайы сыйлық иегері атанды. Бұған қоса ол Ла Скала театры жанындағы Академияда шеберлік сабағынан, тәжірибеден өтеді және Венгрияның Мишколь қаласында өтетін Бартоктың опералық фестиваліне қатысады. Болашағынан үлкен үміт күттіретін Назым Сағынтай сахнада алғаш рет өнер көрсетеді. Ол – көптеген халықаралық байқаудың жеңімпазы.

Кештің тағы бір керемет қонағы Қалқаман Дүйсенбаев – талантты валторнашы, халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Қазіргі уақытта П.Чайковский атындағы Мәскеудің мемлекеттік консерваториясының 5 курс студенті. 

Хабар 24 телеарнасы