387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ұялы телефон шотындағы ақша неліктен жоғалып кетеді?

  • 1470

Былтыр Kcell және «КаР-Тел» мобильді операторларына 700 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің өкілдері хабарлап отыр. Ірі компаниялар мұндай жазаға абоненттерінің шотынан заңсыз түрде ақша шешкені үшін тартылған.

Дариға Ташенова, тілші:

- Алло, алло? Өкінішке қарай, байланыс жоқ. Келген хабарлама рас болса, шотымда ақша бітіп қалды. Соңғы кезде мобильді операторлардың қай-қайсысы да тиімді тариф ұсынып, абоненттер үшін бәсекеге түсіп әлек. Алайда тұтынушылар санын арттырып, қызмет көрсету сапасын мүлдем төмендету деректері жиілеп кетті. Көпшілік телефонындағы ақшасы жұмбақ күйінде жоғалып кететініне наразы.

Индира Жатпешова, қала тұрғыны:

- Жарты жылдың ішінде тарифті қосу үшін мен шотыма 3 мыңнан бірліктер енгізген болатынмын. Бірақ олар тарифтің өзінің бағамынан екі есе ұстап қалған болатын. Мен операторға звондаған кезде олар нақты жауаптарын айта алмады және керекті көмектерін көрсете алмады. Мұндай операторлардың іс-әрекеттері әбден шаршатты, шыны керек.

Мобильді операторлар мұндай жағдайлардың болып тұратынын жоққа шығармайды. Оның бірнеше себебі де бар. Кейде ақша техникалық ақаудың салдарынан жоғалса, кейде абоненттердің өздері де қателік жібереді. Сол себепті, мобильді операторлар абоненттерге мұқият болуды ескертеді. Ұялы телефонға жіберілетін SMS хабарларды назарсыз қалдырмауды сұрайды.

Алексей Бендзь, Ұялы байланыс компаниясының корпоративтік коммуникациялар жөніндегі директоры:

- Мен сіздерге бір мысал айтайын. Әр айдың басында 1 жарым мың теңге көлеміндегі абоненттік төлем сіздің шотыңыздан шешіледі. Бірақ ол кезде сізде 1 жарым мың емес, мың теңге болсын дейік. Ал абоненттік тариф қажетті сомасыз қосылмайды. Ақша салмасаңыз, сол мың теңгеңізге сөйлесесіз. Ғаламтор қызметін де сол ақша есебінен қолданасыз. Нәтижесінде сізге ол қаражат жетпейді. Сәйкесінше, келесі жолы ақша салғанда алдыңғы қарыз сол ақшадан алынады.

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті осы ретте тексеріс жүргізді. Нәтижесінде биыл Kcell компаниясы абоненттеріне тарифті дұрыс есептемегені үшін 3,1 миллиард теңге қарыз екендігі анықталды. Ал былтыр «КаР-Тел» мен Ксеll байланыс операторларына нарықтағы басымдығын теріс пайдаланғаны үшін 700 миллион теңге айыппұл тағылды.

Әділ Қалиев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің басқарма басшысы:

- Біз тексеру жүргіздік. Нәтижесінде 2009 жылы заң басқа болғандықтан, мобильді операторлар абонент сөйлесіп біткеннен кейін де байланысты үзбейтінін анықтадық. Қазір заңнама өзгергендіктен, мұндай әрекетке баруға болмайды. Біздің азаматтар бұл туралы білмеген. Олар операторлардан қаражатты қайтаруды талап етпеген. Бүгінгі таңда ақша ресми түрде өз иелеріне жіберіліп жатыр.

Соңғы бір жыл ішінде отандық мобильді операторлардың арасында бәсекелестік едәуір артты. Сондықтан әр клиентін сақтап қалу үшін қызмет көрсету сапасын арттыру заңдылыққа айналды. Келеңсіз оқиғаларды болдырмау үшін талап күшейтіліп жатыр.

Олжас Бибанов, Ұялы байланыс компаниясының пиар директоры:

- Абоненттер күнделікті қолданып келетін контентті мобильді оператордың өзі қамтамасыз етпейді. Ол үшін арнайы провайдерлер бар. Қазір біз олардан әр абоненттен кез келген қызметті пайдалануға келісімін алуды талап етіп отырмыз. Егер жаңашылдық енгізілсе, абоненттер артық ақша төлемейді. Сондай-ақ адамдар қызметті таңдағанда қателеспейді. Біз де мобильді оператор ретінде заңсыз түрде абоненттің шотынан артық ақша алмайтын боламыз.

Телефон шотындағы ақша біткен жағдайда оператор байланысты үзбесе, абонент қарызды төлемеуге құқылы. Бұл өзгеріс жаңа заңда нақты көрсетілген. Ал операторлар өз тұтынушыларына тарифтегі өзгерістер жайлы 1 ай бұрын ескертуге тиіс.

Авторлары: Дариға Ташенова, Аят Дүйсенбаев, Айдос Меделбеков, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы