387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Каледегі мигранттар лагерін бұзу басталды

  • 652

Францияда жергілікті халықтың мазасын алып, әлемдік қауымдастықтың назарында болған Кале қаласындағы босқындар лагерін бұзу жұмыстары басталды.

Мұнда қазір 6 мың 400 заңсыз мигрант тұрады. Алғашқы лекпен олардың 2 мың 400-і көшіріледі.

Кейбір кірмелердің Каледен кеткісі жоқ. Лагерьді бұзуға қарсылық танытқандар полицияға шөлмек пен тас лақтырып, қарсылық танытты. Сақшылар наразы топты басу үшін көзден жас ағызатын газ шашуға мәжбүр болған. Ел билігі босқындар қоныстану үшін Францияның 2 аймағын ұсынып отыр. Ал жергілікті әкімдіктер бос тұрған ғимараттарды тез арада мигранттарды қабылдау орталығына айналдыру туралы тапсырма алған.

Абдулла Хамид, Суданнан келген мигрант:

- Мен Франциядан баспана сұраған едім. Осы «Джунглиден» кетуге дайынмын, себебі бұл жер біздің өмір сүруіміз үшін аса қолайлы емес.

Лагерь аумағына мыңнан аса полиция жеткізілген. Олар қоғамдық тәртіп пен келімсектердің тасымал кезінде қашып кетпеуін қадағалайды.

Молли Барр, қайырымдылық ұйымының еріктісі:

- Бұл адамдардың болашағы бұлыңғыр. Қайда баратыны, қандай жағдайға тап болатыны мүлде беймәлім. Бұлар – аш-жалаңаш, үй-күйсіз, барынан айырылған адамдар. Көбінің аяқкиімдері жоқ.

Каледегі шатырлар негізі 2000 жылдардың басында салынған. Соңғы 2 жылда мұнда Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдерінен заңсыз жолмен 10 мың босқын ағылған. Бұл жер тазалық сақталмай, қылмыс көбейгендіктен, «Джунгли» деген атауға ие болды. Сондықтан жергілікті халық оларды көшіріп, шатырларды қиратыңдар деп шағымдана бастаған.

Авторлары: Ернат Қашқынов, Мақсұт Меделханов

Хабар 24 телеарнасы