380,84 420,44 6,06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркия мен Әзірбайжан инвесторлары атыраулық кәсіпорындарға қаржы салуға ниетті

  • 920

Түркия мен Әзірбайжан кәсіпкерлері мұнайлы өлке Атырау облысындағы кәсіпорындарға қаржы құймақ ниетте.

Осы мақсатта екі елдің бизнес қауымдастығы өңірге арнайы келіп, келіссөздер жүргізді. Қос мемлекет арақашықтығы жағынан Атырауға жақын болғандықтан, көлік-логистика саласын дамытып, өзара жүк тасымалын жүргізетін бағыттар мен жаңа бизнес жобаларын ұсынды.

Түркия мен Әзірбайжан кәсіпкерлерінің біздің нарыққа келгеніне 20 жылдан асты. Бүгінде азық-түлік өнімдері, мұнай-газ саласына сервистік қызмет көрсету және мұнай химиясы бойынша ондаған біріккен компаниялар жемісті жұмыс істеп жатыр. Бұл жобалар отандық кәсіпкерлердің де өз ісін дамытуына жол ашты.

Әсет Тұяқбаев, кәсіпкер:

- Қазір менің жасап жатқан негізгі салам азық-түлік өнімдері болып есептеледі. Оны біз түркиялық технологтармен бірге бастап та кеттік. Түркиялықтардың құралдарын әкеп, өзіміз жасап жатырмыз. Болашақта да қазіргі жасап жатқан өнімдерімізді түркиялық әріптестермен бірігіп үлкейтсек деген ойымыз бар.

Арнайы форум кезінде шетелдік және отандық кәсіпкерлердің өзара келісімшарт жасасуына мүмкіндік берілді. Олардан біздің нарыққа құрылыс материалдары, азық-түлік өнімдері мен жаңа технологиялар жеткізілмек. Ал бізден сыртқы нарыққа бидай, мұнай және металл өнімдері экспортталады. Түркиялық кәсіпкерлер жүк тасымалын жеңілдету және жол машақатын азайтуға бағытталған жаңа жобаларын да ұсынды.

Ахмет Гюрдоған, Шығыс Қара теңіз экспортерлер одағының басқарма төрағасы (Түркия):

- Біз өзара қарым-қатынасымызды одан ары дамытуға дайынбыз және Қазақстан экономикасына қаржы салмақ ниеттеміз. Сондықтан Қара теңіздің шығысынан басталып Грузия және Ресейді басып өтетін жаңа жол бағытын ұсынып отырмыз. Бұл бұрынғыдай Иран арқылы өтетін жолға қарағанда анағұрлым тиімді және тасымал шығындарына кететін қаржыны үш есеге қысқартады.

Ал Әзірбайжан мен Қазақстан арасында көлік-логистика саласы айтарлықтай дамыған. Ақтаудағы теңіз порты бұл міндетті ойдағыдай атқарып отыр. Қазір екі ел арасындағы тауар айналымы өткен 8 айдың өзінде экспорт 8,7 млн, ал импорт 700 мың долларды құрап отыр.

Рашад Маммадов, Әзірбайжан Республикасының ҚР Төтенше және өкілетті елшісі:

- Біз Қазақстанда өндірілетін өнімдердің біздің елдің нарығына шыққанын қалаймыз. Ауыл шаруашылығы өнімдері де өндірістік бағыттағы тауарлар да біздің нарыққа қажет. Каспий теңізі арқылы логистикалық саланы барынша дамытып, екі ел арасындағы экономикалық, мәдени-рухани байланыстарды өркендетуге күш саламыз.

Атырау облысында инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған. Арнайы экономикалық аймақтан барлық инфрақұрылымы жабдықталған жер телімдерін беру, салық және өзге де жеңілдіктер жасау бағытында жергілікті атқарушы билік өкілдері барынша сапалы қызмет көрсетіп келеді. Қазақ елінің шетелдік инвесторларға деген көзқарасын жете түсінгендіктен, оларда еш күдіксіз қаржы салуға мүдделі екендерін мәлім етті.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Әзілхан Уахитов

Хабар 24 телеарнасы