388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысындағы ауылдарға көгілдір отын тартылды

  • 1439

Маңғыстау облысындағы ең жас аудан Мұнайлы тәуелсіздік жылдары ірі құрылыс алаңына айналды.

2017 жылы он екі төртқабатты тұрғын үй қолданысқа берілмек. Келер көктемде 300-дей отбасы қоныс тойын тойлайды. Ауыз толтырып айтарлық жетістіктер мұнымен шектелмейді.

Батыр ауылы Мұнайлының орталығы. Былтыр электр жарығымен қамтылған ауылға биыл газ барды. Амантұрлы атай келінінің даладағы ошақта ас пісіру азабынан құтылғанына риза. Көгілдір отын тарту бір жылда кезең-кезеңімен жүргізіліпті. Осы мақсатқа ел қазынасынан үш миллиардқа жуық қаржы бөлінген.

Амантұрлы Елтеш, Батыр ауылының тұрғыны:

- Мына жерге көшіп келген кезімізде ауылда газ болған жоқ. Ошаққа, далаға тамақ пісірдік. көп қиындықтар көрдік. Қазір, құдайға шүкір, газымыз келіп тұр. Бәрі жақсы. Плита да үйдің ішінде, жылы жерде тамағымызды дайындап, ішіп-жеп отырмыз.

Соңғы сегіз жылда аудан тұрғындарының саны 43 мыңнан 143 мыңға жетті. Бұл көрсеткішке жетуіне табиғи өсім жағынан бірінші орында тұруы себеп. Тәуелсіздік жылдары ауданда он емхана салынды. Жергілікті емханада 42 дәрігер жұмыс жасайды. 28-і «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келген жастар.

Жазира Меркебаева, терапевт-дәрігер:

- Бізді алғаш келгенде өте жақсы қарсы алды. Бірден отбасылық жатақханаға орналастырды. Қазіргі таңда жұмысым өзіме өте ұнайды. Жергілікті халыққа да үйрендім.

Мұнайлыға жеті ауылдық округ қарайды. Алғаш құрылған жылы аудан бюджеті 2 млрд теңгеден сәл асатын. Бүгінгі экономикалық әлеуеті 17 млрд теңге. Ауыл ішінде екі жүз шақырым тротуар төселіп, жаңадан 23 километр жол салынды. Халықтың жиырма пайызы тіршілік нәрін орталық ауызсу құбырынан алады. 9 мемлекеттік, 18 жекеменшік балабақша салынып, 10 мектеп ел игілігіне берілген.

Гүлнар Тұрбекова, Мұнайлы аудандық №5 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

- Тәуелсіздікке дейінгі мектептердің жағдайлары төмен деп атап кетуге болады. Ол кездегі оқулықтардың саны аз болды, кейбір балаларға тіптен жетпеді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында барлық мектептерде кітаптар жеткілікті. Жағдай өте жақсы жасақталған. Мұны Елбасымыздың балаларға қамқорлығы деп білеміз.

Облыстың ең жас ауданындағы құрылыс қарқынды. 10 көпқабатты тұрғын үй салынды. Тағы он екі төртқабатты баспана келер көктемде қолданысқа беріледі.

Нұрлыбек Жолбаев, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары:

- Өткен жылдары бүгінге дейін он екіқабатты сегіз үй, сосын төртқабатты екі үй, жалпы он үй пайдалануға берілді. Қазір тұрғындар тұрып жатыр. 12 несиелік үй салынып жатыр. «Тұрғынүйқұрылыс банкі» арқылы берілетін болады.

Халқы еселеп өсіп келе жатырған ауданда тұрғын үйге сұраныс жоғары. 2017 жылы тағы сегіз көпқабатты ғимараттың құрылысы басталмақ. Олардың жобалық-сметалық құжаттары жасақтаулы тұр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы