389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бішкекте саммит қарсаңында қауіпсіздік барынша күшейтіле бастады

  • 518

Қырғыз Республикасында өтетін Шанхай ынтымақтастығы ұйымы үкімет басшыларының саммиті қарсаңында қауіпсіздік барынша күшейтіле бастады.

Ең алдымен ел азаматтарына атыс қаруларын сақтауға тыйым салынды. Тіпті заңды иелік еткендердің өзіне қару-жарақты ішкі істер органдарына уақытша өткізуге мәжбүрлеп отыр. Қырғызстанның ішкі істер министрлігі қауіпсіздікті мықтап қолға алды. Оның себебі де түсінікті. Күні ертең Бішкекте бірнеше мемлекеттің премьер-министрлері бас қосып, Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитін өткізеді. Осыған орай, жергілікті милиция тұрғындардың заңды иелегіндегі мылтық, карабин, винтовка сынды атыс қаруларын жаппай жинай бастады.

Бақтыбек Кубакаев, Бішкек қалалық ішкі істер басқармасының өкілі:

- Мамандарымыз мылтыққа заңды иелік ететін тұрғындардың үйіне барады. Оларға қолға алынған шараның маңызын түсіндіреді. Сөйтіп, қаруларын саммит аяқталғанша уақытша сақтауға әкетеді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті кезінде Қырғыз Республикасының құқық қорғау органдары толықтай күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді. Ал ел астанасы мен оған жақын елді-мекендердің тыныштығын 3 мың тәртіп сақшысы күзетпек.

Токтағұл Какчекеев, әскери сарапшы:

- Соңғы кезде қоғамдағы жағдай ушығып кетті. Таяуда ғана Қытай елшілігінде жарылыс болды. Түрлі экстремистік ұйым өкілдері қауіп төндіруі мүмкін. Қаланың қақ ортасындағы атыс-шабыс жиілеп кетті. Сондықтан ел абыройы үшін осындай шара қолдануға мәжбүрміз.

Жалпы Бішкек бұған дейін өткен халықаралық жиындар кезінде де қауіпсіздікті күшейту үшін осындай шара қолданды. ТМД саммиті мен екінші әлемдік көшпенділер ойындарында азаматтардың қаруы уақытша сақтауға алынып, бірде-бір оқыс жағдайға жол берілген жоқ.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Бакыт Чермашев.

Хабар 24 телеарнасы