389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысының кеншілер кентіндегі оң өзгерістер

  • 851

Ақмола облысындағы Шаңтөбе кенті қайта жанданып келеді.

Елді мекендегі кен орындары бірнеше жыл бұрын жабылып, жергілікті тұрғындар кенттің келешегіне күмән келтірген еді. Енді бұның бәрі артта қалды. Себебі, соңғы жылдары Шаңтөбеде құрылыс қарқын алып, жаңа нысандар бой көтеруде. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес те дамып келеді.

Елді мекендегі елеулі өзгерістерді алдымен осындағы дәрігерлік амбулаториядан байқауға болады. Қырық жыл бұрын тұрғызылған ғимарат бүгінде толықтай қалыпқа келтіріліп жатыр. Жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 48 млн теңге қаржы бөлініпті. Енді медициналық мекеме су жаңа кейіпке енбек.  

Людмила Степаненко, дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері:

- Біз құрылыстың аяқталуын асыға күтіп жүрміз. Себебі, жөндеуден өткеннен кейін халыққа сапалы қызмет көрсете аламыз. Барлығы су жаңа болады. 

Кеншілер кентінің «Горняк» атты мәдениет үйінде де жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша бөлінген қаржы ескі ғимараттың шатырын бүтіндеп, қабырғасын қалыпқа келтіруге жұмсалады.

Жергілікті қоғамдық кеңестің қозғау салуымен ауылда оң өзгерістер көп.

Марина Смолина, ардагерлер кеңесінің төрайымы:

- Жолымызды жөндеді. Міне, кинотеатрымызды қалыпқа келтіруде. Мұндай мәселелер қоғамдық кеңестің отырыстарында талқыланады.

Жөндеу жұмыстарынан жергілікті спорт мектебі де тыс қалмаған. Нысанның залдары мен бассейні жаңартылды. Нәтижесінде үйірмелер көбейді. Соңғы уақытта Шаңтөбеге қоныс аударушылар қатары көбейген. Балабақшадағы бүлдіршіндер саны да артқан. 

Лилия Григорьева, Шаңтөбе кентінің тұрғыны:

- Біз осы балабақшаға келіп жүргенімізге қуаныштымыз. Оны кезінде жабылып қала ма деп қорқып едік. Қазір, міне, 150-ден астам бүлдіршін осында тәрбиеленіп жатыр.

Шаңтөбеде 4 мыңға жуық халық тұрады. Ал, елді мекеннің өркендеуі үшін жыл сайын мұнда инвестиция тартылады. 

Сағындық Шабаров, Степногорск қаласы әкімінің орынбасары:

- Биыл Шаңтөбенің жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 13 млн теңге бөлінді. Ал, қалалық бюджеттен қарастырылған 33 млн теңге мен облыстық бюджеттен бөлінген 160 млн теңге кенттің жылу желілерін қалыпқа келтіруге жұмсалды.

Алдағы жылы Шаңтөбе-Балкашино бағытындағы жолды жөндеу жоспарда бар. Ол үшін шамамен 1 млрд теңгеден астам қаражат керек.  

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы