384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда алимент төлеуден жалтарғандар үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды

  • 632

Павлодар өңірінде алимент төлеуден жалтарғандар үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Ақсу қаласы әкімдігі мен қалалық прокуратура бірлесіп, борышкер ата-аналарға тұрақты жұмыс тауып беруге көмектеспек. Осылайша балаларына берешек ата-аналар қордаланған қарызынан құтылады.

Ақсу қаласында алименттен жалтарғандар саны бүгінде 300-ге жуықтайды. Олардың әлеуметтік деңгейі әртүрлі. Кейбірі тұрақты жұмыстың жоқтығын сылтауратса, енді бірі жауапкершіліктен қашады.

Николай Крахмалев, борышкер:

- Қарыз күн санап көбейіп келеді. Өйткені тұрақты жұмыс жоқ. Белгілі бір орында тұрақты қызмет істеген болсам, алименттің ақшасы ресми түрде аударылатын еді.

Еңбек жәрмеңкесіне қатысушыларға 150 бос орын ұсынылды. Алимент төлемей жүргенін жасырмаған Алексей Щербаков лайықты жұмыс таба алмапты. Денсаулығы сыр берген ол бауыр еті баласына көмек бере алмай, қиналып жүргенін айтып ақталды.

Алексей Щербаков, борышкер:

- Менің қарызым 400 - 500 мыңға жетіп қалды. Алимент төлемегеніме бір жылдай болды. Алты жасар қызым бар. Бірінші сыныпта оқиды. Қолымнан келгенше көмегімді аямаймын. Бірақ ол аздық етеді.

Ақсу қаласының прокурорлары алиментті өндіріп алуға мықтап кіріскен. Өз міндетіне ұқыпсыз 23 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 16-сы 5 тәулікке қамалды. Қарызынан жалтару үшін түрлі құйтырқы әрекеттерге баратындары да кездеседі.

Әлібек Шөкеев, Ақсу қаласы прокурорының орынбасары:

- Біз борышкерлердің тізімін жасадық. Өз мүлкін басқаның атына заңсыз аудару деректерін анықтап жатырмыз. Егер де айласын асырғандар табылып жатса, біз оның күшін жоюды талап етеміз. Алимент төлеуден қасақана жалтарғандар әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапқа да тартылады.

Прокурорлар заңды белшеден басқандардың сытылып кете алмайтынын айтады. Қарызын өндіріп алу үшін барлық шаралар қолданылады. Тіпті көлік жүргізу құқығынан да айырылады. Қазір соттың қарауына елуден астам іс жіберілді. Алда борышкерлермен күрес күшейе бермек.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Арман Якубов, Алексей Омельницкий 

Хабар 24 телеарнасы