376,43 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында асыл тұқымды ірі қара көбейіп келеді

  • 1868

Қостанай облысында мал өсіретін фермалар көбейіп келеді.

Осыдан бес жыл бұрын аймақта төскейінен төрт түлік өргізген 540 шаруашылық болса, қазір олардың саны 1 150-ге жетіп отыр. Өңірде бұрын егінге басымдық берген теріскей аудандар да қазір мал басын көбейтуге көңіл аудара бастады. Сарыкөл ауданындағы бұл сиыр фермасы екі жыл бұрын ашылды. Бастапқыда «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 60 бас аналық сатып алды. Қазір оны 90-ға жеткізді. Мақсат - әлде де көбейте түсу. Шаруашылық экономикалық тиімділігін есептей келе абердин-ангус тұқымын таңдапты.

Алдаберген Мусинов, шаруашылық қызметкері:

- Көріп тұрсыздар ғой, мал бос жүреді. Шетелден, сырттан келген мал ғой. Осы біздің қысқа, аязға шыдамды. Қар болса да далада жүреді. Үйреніп жатыр ғой.

Негізінен астыққа арқа сүйеген Сарыкөл ауданында соңғы бес жылда 12 жаңа ферма ашылған. Оларда ет бағытындағы ірі қара бағылады. Мал шаруашылығын қолдауға арналған бағдарламалар да сәтті жүзеге асырылып келеді.

Нұрлан Батырашев, Сарыкөл аудандық АШБ басшысының міндетін атқарушы:

- «Сыбаға» басталғалы ауданымызға 1 300 бас ірі қара әкелінді. Алғашқы болып ашылған фермалар қазір өнім өндіріп жатыр. Былтыр «Алтын асықпен» 217 қой, «құлан» арқылы 200 жылқы сатып алынды.

Қостанай облысының шаруалары «Сыбаға» шеңберінде шетелден 14 мың бас асыл тұқымды сиыр сатып әкелді. Бұл өңірдегі шаруашылықтардың көбеюіне ықпал етті. 2011 жылы өндірістік сектордағы асыл тұқымды ірі қара 40 мыңның шамасында болса, бүгінде ол едәуір өскен.

Әлімжан Жүсіпов, облыстық АШБ әдіскері:

- Көбіне бізде ангус, мінекей, сосын өзіміздің қазақтың ақ бас сиыры, «Әулиекөл» пародасы, солар өсіп жатыр, биылға айтқанда 70 мыңнан артық асыл тұқымды басымыз бар. Бұл енді жақсы.

Қазір облыс бойынша жеке қолдағыны қоса есептегенде, 426 мың шамасында ірі қара бар. Өсім тұрақты сақталып, тиісінше, шаруашылықтардағы үлес те артып келеді. Жоспар - 2020 жылға дейін асыл тұқымды мал басын 2,5-3 есе арттыру. Мемлекет қолдауына сүйенген шаруалар бұл межені бағындыратынына сенімді.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров.

Хабар 24 телеарнасы