Солтүстік Қазақстан облысында бензин бағасы қымбаттады.
Өткен демалыс күндерден бастап жүргізушілер көп тұтынатын АИ-92-нің литрі 135 теңгеден сатылып жатыр. Кәсіпкерлік және туризм басқармасының қызметкерлері мұны Павлодар мұнай өңдеу зауытымен байланыстырып отыр. Өңірді жанар-жағармаймен қамтамасыз етуші кәсіпорын өнімнің тоннасын 148 мың теңгеге дейін көтеріп жіберген. Сондай-ақ сұйық отынды тасымалдау бағасы да шарықтап кеткен. Қазіргі уақытта бензин «ҚазМұнайГаз» бекеттерінде ғана бұрынғы бағамен сатылып жатыр. «Қор таусылған соң, олар да қымбаттатады», - дейді мамандар.
Құралай Жарова, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Кейбір жанар-жағармай құю бекеттері осы жағдайды пайдаланып, бағаны тіпті асырып жіберген. Алайда оларға сұраныс болмады. Енді баға осылай қалады. Қазіргі уақытта бензин тапшылығы жоқ. Қор жеткілікті.