386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Екібастұзда оқу орнының құрылысы аяқсыз қалған

  • 824

Павлодар облысының Екібастұз қаласында құрылысы аяқталмай жатып, құрдымға кеткен оқу орталығын қалпына келтіруге қосымша 2,8 миллиард теңге қаржы қажет.

Еліміздің отын-энергетика және мұнай-газ саласына кадрлар дайындау мақсатында жоспарланған нысан 2010 жылы пайдалануға берілуі керек еді. Бюджеттің 4,5 миллиард теңгесін жұтқан сақалды құрылыстың тағдырына жергілікті билік алаңдап отыр.

Екібастұз қаласының тұрғындары батпақтың үстіне құрылыс жүргізуге әу бастан қарсы болған. «Нұр Отан» партиясы бақылау бөлімінің мүшесі Игорь Тимошенко бас жобада дренаждық жүйеде суағарлардың қарастырылмағанын талай мәрте ескертіпті.

Игорь Тимошенко, «Нұр Отан» партиясы Екібастұз бөлімшесі бақылау бөлімінің мүшесі:

- Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы – бұл. Сондықтан жергілікті биліктің құрылысқа жерді бөліп бергеннен басқаға дәрмені болмады. Бұл жоба республикадан қаржыландырылды.

Аяқталмаған құрылыс қолдан-қолға өтті. Қазір мұнда күзетшілерден басқа ешкім жоқ. Тек қаңқасы ғана қаланған ғимараттардың жертөлесін мұз басқан. Есік-терезелерінен ызғар соғып тұр. Осылайша алты жылдан бері тұрған нысандардың қабырғаларының құлап кету қаупі басым. Бүгінде оқу ордасының құрылысына қатысқан мердігер фирмаларды табу оңай болмай тұр. Соған қарамастан, жуырда Білім және ғылым министрлігіне қарайтын «Кәсіпқор холдингі» техникалық сараптама жасапты. Енді жергілікті әкімдікпен бірлесіп, оқу орнын бір жүйеге келтіру жолдарын қарастырмақ. Жобаны іске асыру үшін 2 млрд 800 млн теңге қаржы қажет екен.

Қайрат Нүкенов, Екібастұз қаласының әкімі:

- Білім және ғылым министрлігінде жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Одан соң тағы да сараптамаға жіберіледі. Кешенді облыс балансына алуды жоспарлап отырмыз. Бірақ қаржы тек республикалық бюджеттен бөлінеді. Өзімізге өткізіп, құрылысын аяқтауға дайынбыз.

Негізі бұл орталықта еліміздің отын-энергетика саласына қажетті мамандар даярлануы тиіс болатын. Тек аймақтағы өндіріс орындарына биылдың өзінде 900-ге жуық кәсіби маманның тапшылығы байқалған. Кеншілер қаласында бірнеше техникалық колледж бар. Бірақ жатақхананың жоқтығынан «Серпін» бағдарламасы арқылы Оңтүстік өңірлерден келетін студенттерді қабылдай алмай отыр. Сондықтан оқу орнының құрылысы аяқталса, бұл мәселелер шешімін табар еді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Арман Якубов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы