387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысында жеңілдетілген несиенің көлемі артты

  • 532

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы жамбылдықтар 6 млн теңгеге дейін несие ала алады.

Биылдан бастап өңір пилоттық жобаға енгізілді. Осының арқасында шаруалар үстемесі бұрынғыдан екі есе артық жеңілдетілген қаражатқа қол жеткізіп, кәсібін дөңгелетпек. Қордай ауданында тұрғындардың алды қолжетімді несиеге мал бордақылау алаңын ашты.

Ұлпан Бабажанова Қазақстанда шаруаларға берілетін жеңілдетілген несие туралы теледидар арқылы көрген. Көптен бері жеке іс бастағысы келіп жүрген шаруа мүмкіндікті пайдаланып, отбасымен Қырғызстаннан көшіп келген. Қазір атамекенінде екі жүз орындық мал бордақылау алаңын ашып, төрт түлік басын көбейтуге ден қойып отыр.

Ұлпан Бабажанова, кәсіпкер:

- Бізге, Қазақстандағы кәсіпкерлерге үлкен қолдау жасалатыны қатты ұнады. Өйткені үнемі теледидардан жеңілдетілген несие беретінін естіп қуанатынбыз. Бірде біз неге атамекенге оралып, өзіміз армандаған істі бастамаймыз деген ой келді. Мінекей, арманымыз орындалып, пилоттық жобаның арқасында үлкен шаруашылықты жүргізіп отырмыз. Бізге өте тиімді. Біздің балаларымыздың болашағы жарқын болатынына сенемін.

Қордай ауданында бағдарлама арқылы 2012-2016 жылдары 390 азамат шағын несие алды. Оның ішінде өз ісін кеңейтуге 79 азамат қаржы алса, 311 адам жаңадан жеке кәсіпкер атанды. Соның арқасында мың адамға тұрақты жұмыс орны ашылды. Ал биылдан бастап жеңілдетілген пайызды несиенің көлемі екі есеге артқан.

Саламат Көпешов, аудандық Халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

- 6 млн теңгеге дейінгі қаражат бөлінеді. Шағын несие алуға кәсіпкерлерге қазіргі таңға 178 млн теңге бөлініп отыр, оны тек он азамат алып отыр. Жыл соңына дейін барлығы игеріледі.

Тәуелсіздік алған жылдары Жамбыл облысы Қордай ауданында небәрі 162 шаруа қожалығы болған. Бүгінде тірлігін бастап, тұрмысын тіктеген кәсіпкерлердің саны 10 мыңнан асқан. «Бұл елімізде жүргізілген жүйелі бағдарламалардың арқасында мүмкін болды дейді», - мамандар.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейлхан, Руслан Ахатіләұлы

Хабар 24 телеарнасы