389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан қиындықтарды еңсеру, мойымау арқылы шыңдалды – сарапшылар

  • 875

Тәуелсіздік қазығы қағылғалы 25 жыл! Аз да, көп те емес. Бірақ осы ширек ғасыр шенінде егемен еліміз бағындырған белестер жетерлік.

Бүгін Астанада осы тақырыпты қаузаған халықаралық конференция өтті. Әлемнің сарабдал сарапшылары мен өзге елдердің Парламент депутаттары бір алаңда бас қосты. Ішкі, сыртқы саясатты саралап, еліміздің жүріп өткен жолы туралы ойларын ортаға салды.

Сынаптай сырғыған уақыт тәуелсіздік алғалы 25 жылды артқа тастады. Шекарамызды шегендеп, жаһанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнаттық. Біздің ел бүгінде басқалар үшін бейбітшіліктің тал бесігіндей. Өткенді саралап, бүгінді бағалап, болашақты бағдарлайтын жиын елордада өтті.  Әлемнің түкпір-түкпірінен ат арылтып жеткен сарапшылар қарыштаған Қазақстанның асқан асуы, бағындырған белесін әсіре қызыл сөзсіз дерек пен дәйекке сүйеніп айтты. Жиында сөз алған мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин  тәуелсіздік алғандағы тоқыраудан бастап, өсу жолындағы жетістіктеріне тоқталды.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Енді алдымызда Мәңгілік ел болу ұлы мақсатымыз тұр. Президентіміз дана саясатын халқымыздың береке-бірліктің арқасында бұл мақсатқа да абыроймен жетеміз деп сенеміз.

Күрделі кезеңнен сын сағатында сарабдал саясат сүріндірмей алып шықты. Экономика оңалып, нарық жанданды. 25 жылдың ішінде еңбек өнімділігі 10 есеге артса, жалақы 17%-ға көбейген. Бүгінге дейін 260 млрд доллар инвестиция құйылып, нәтижесінде 2 млн-нан астам адам жұмыспен қамтылды. Конференцияға қатысушылар Қазақстан қиындықтарды еңсеру, мойымау арқылы шыңдалғанын айтады.

Борис Пирштук, Беларусь Республикасы Парламенті төрағасының орынбасары:

- Беларусь Республикасы Қазақстанның дамуын үнемі қызығушылықпен бақылап отырады. Өйткені екі ел де тәуелсіздікті қатар алды. Елдің даму жолындағы түрлі бағдарламалары шын мәнінде маңызды. Осы уақыт аралығында жалпы ішкі өнімді 16%-ға арттырдыңыздар. Сіздер шетелдік инвестицияны үлкен көлемде тарта алдыңыздар. Сондықтан бастамалардың қайсы болмасын қолдауға да, мақтауға да тұрарлық.

Мехмет Хамзачеби, Түркия Республикасы Парламенті төрағасының орынбасары:

- Қазақстанның ядролық қарусыздандыру сияқты аса маңызды салада көшбасшы екенін ерекше атап өткен жөн. Сондай-ақ терроризм мен экстремизммен күрес жолында батыл бастамалары үшін үлкен құрметке ие. Түркия осы саясатты жіті бақылап, қолдап келеді.

Жиынға жиналғандар елімізбен байланыстың қалай бекемделгенін айтып, ынтымақтастықты арттырудың жолдарын талқылады. Қазақстанның даму қарқынын ерекше атап өтті.

Мауре Пеккаринен, Финляндия Республикасы Парламенті төрағасының орынбасары:

- Финляндия мен Қазақстан білім мен ғылым саласында тығыз байланыс орнатқан. Әріптестігіміз жыл сайын жанданып келеді. Меніңше, Астанадан біздің елге тікелей қатынайтын әуе рейстерін ашуға болады. Ол өз кезегінде екі ел арасындағы сауда айналымының көлемін көбейтеді.

Владимир Васильев, Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасы төрағасының орынбасары:

- Бүгінде Ресей мен Қазақстанның экономикалық қарым-қатынасы бір жолға қойылған. Қарқынды даму бар. Еуразия кеңістігіндегі елдер ортақ форматта жұмыс істеуге талпынып келеді. Ол өз кезегінде оң нәтижесін береріне сенемін.

Конференция үш сессияны қамтыды. Атап айтсақ, алғашқысында Қазақстандағы экономикалық және саяси реформалардың негізгі нәтижелері, екіншісінде мемлекеттің әлемдік саясаттағы орны сөз болды. Жиын аясында Қауіпсіздік және даму институты мен Джонс Хопкинс білім ордасының сарапшылары «Қазақстан 2041: Келесі 25 жылға арналған сценарийлер» атты бірлескен баяндамасын ұсынды.

Фредерик Старр, Дж.Хопкинс университеті Орталық Азия және Кавказ бойынша институтының төрағасы:

- Көрші елдегілер Қазақстанның сырқы саясаттағы рөлі гипербелсенді екенін айтады. Бұл меніңше, жоғары баға. Ядролық қарудан бас тарту, бейбітшілікке үндеу секілді қадамдардың бәрі Қазақстанның әлемдік аренадағы салмағын арттырады.

Жарқын болашаққа жол ашқан 25 жыл. Мақсат айқын. Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына кіруге бет алды. Бүгінгі жиында қаншама ой-пікір қазанында қайнады. Қатысушылардың қайсы болсын, қырандай қалықтаған Қазақстанның қанаты талмауын тіледі.

Авторлары: Асқарбек Қазанғап, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы