386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Британ банктері күйзеліс сынағынан сүрінді

  • 642

Ұлыбританияның қаржылық тұрақтылығы мәз емес.

Әсіресе оған сыртқы факторлар зор қауіп төндіріп тұр. Бұл жайлы Англия банкінің басшысы Марк Карни жарты жылдық есебінде мәлімдеді. Банк жүйесінің әлжуаз тармағы деп ол «күйзеліс сынағынан» сүрінген және капиталды дамыту бойынша жаңа жоспар әзірлеуі тиіс Шотландияның корольдік банкін атады. Шотландияның корольдік банкі көлемі жағынан британияның нөмірі екінші қаржы институты саналады. Шамамен 300 жыл бұрын негізі қаланған мекеме «күйзеліс-сынағынан» құлағаннан кейін 2 млрд фунттың орнын толтыру үшін үмітсіз несиелерді сатумен және шығындарды азайтумен айналыспақ.

Марк Карни, Англия банкінің басшысы:

- Шотландияның корольдік банкі соңғы жылдары жолынан адасып, сәтсіздікке тіреген істермен айналысып келді. Қазір банк капиталдарының қайта қаралған жоспарымен Ұлыбританияның қаржылық реттеу және қадағалау басқармасын таныстырды. Бұл - түрлі қиындықтарға кезіккен банк үшін де, бүкіл ел экономикасы үшін де пайдалы болмақ.

Шотландия қаржы институтынан бөлек Барклейс және Стандарт Чартеред банктері де сынаққа төтеп бере алмады. Ұлыбританияның қаржылық жүйесі маусымдағы Еуроодақ құрамынан шығу туралы референдум шешіміне дайын болғанымен Брексит үрей туғызып отыр. Сондай-ақ банк жүйесін Ұлыбританияның ағымдағы операциялары шотының көлемді дефициті де құртуы мүмкін. Оған қоса сырттан келген қауіп те жоқ емес.

Марк Карни, Англия банкінің басшысы:

- Қытайдағы несиелендіру көлемінің жедел артуы, АҚШ президенті сайлауының қорытындысы, Брексит нәтижесінде қаржы компанияларының Лондоннан кету қаупі, бәрі қаржы жүйесінің дәрменсіздігін күшейтуі мүмкін.

Англия банкінің басшысы Марк Карни Еуро одақ құрамынан тәртіпке сәйкес кету қажеттігін қайталаудан шаршамайды. Брекситтен кейін британиялық компаниялар өтпелі келісімдер туралы және еуропалық рынокқа ену деңгейі жайлы хабардар болулары керек дейді ол. Әйтпесе, әлемдегі ең ежелгі және ең ірі банк жүйелерінің бірі демде күйреуі мүмкін.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.

Хабар 24 телеарнасы