378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысында I топ мүгедегі жұмысқа жарамды екенін дәлелдеді

  • 642

Қарағанды облысы Нұра ауданының тұрғыны Дос Төлегенов дәрігерлердің «ақыл-есі кем» деп берген диагнозын сот арқылы жоққа шығарды.

Бірінші топтағы мүгедек қазір өзінің шеберханасында тұрғындардың тұрмыстық техникалық бұйымдарын жөндеп, отбасын асырап отыр. Мүмкіндігі шектеулі еместігін дәлелдеген өмірге құштар өнерлі азамат келешекте жеке кәсібін ашуды діттеп жүр. Дос Төлегенов туғанынан сал аурына шалдыққан. 42 жыл бойы арбаға танылып келеді. Алайда, қайсар жан тағдырдың тезіне мойымай, жастайынан еңбекке араласқан. Жазу-сызуды үйреніп, үйінде білім алған. 6-7 сыныпта физика пәніне ерекше қызығушылығы артыпты. Алдымен ұстазының баулуымен техникалық бұйымдарды жөндей бастайды. Кейін мұны кәсіпке айналдырған.

Дос Төлегенов, Қараой ауылының тұрғыны:

- Автоэлектрлік шеберхана ашсам деген жоспарым бар. Сол арқылы кәсібімді кеңейтіп, жұмыс көлемін арттыруды көздеп жүрмін. Тапсырыс көп, алдағы уақытта арманым орындалады деп сенемін.

Алайда, Дос Төлегеновті «ақыл-есі дұрыс емес» деп сараптамалық қорытынды жасаған психиатрлар да болыпты. Алайда ол бірден сотқа жүгініп, өзінің сау, әрі еңбекке жарамды екенін дәлелдеп шықты. Үш баланы асырап, отбасына ие боп отырған отағасы мұндай сынаққа сынбайтынын жеткізді. Тұңғышы қазір әкесіне қолғабыс етіп жүр.

Несіпбай Төлегенов: Дос Төлегеновтің әкесі:

- Мынау Астана қаласының психико-неврологиялық ауруханасы дұрыстап қарап тексеріп, дұрыс диагноз берді. Енді дәрігерлер қол ұшын берсе, мүмкін ол бала аяққа тұрып кетуі де мүмкін.

Еңбексүйгіш жігіт үйінің ішінен жасап алған шеберханасында күндіз-түні тынбайды. Тұрғындардың бұзылған тұрмыстық техникаларын жөндеп береді. Тапсырыс көп, бөлме тар. Бірақ соған қарамастан Дос келешекте шеберханасын кеңейтуді де жоспарлап отыр.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов, Асет Асайынов.

Хабар 24 телеарнасы