388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бұзақылар Бішкекте «Мәңгі алау» ескерткішінің отына картоп пісірді

  • 1142

Бішкектің Жеңіс алаңындағы «Мәңгі алау» ескерткішін бұзақылар тағы бүлдіріп кетті.

Олар бұл жолы ескерткіштің отына картоп пісіріпті. Мұнысы аздай, былықтарын телефонға түсіріп, ғаламторға шығарған. Вандалдардың бұл әрекетіне деген жұрттың наразылығы шексіз болды. Осыған байланысты қазір милиция іздестіру жүргізіп жатыр.

Мінекей, көріп отырғанымыздай, екі жас жігіт ұятты ысырып қойып, «Мәңгі алауға» жайбарақат картоп пісірген. Тіпті ары-бері өткен халықтан да сескенбепті. Олар үшін қарын тойдыру адамгершіліктен жоғары тұрса керек. Жалпақ елге жария болған роликті зерттеген милиция бұзақыларды іздестіруге кірісіп кетті.

Олжобай Қазабаев, Бішкек ҚІІБ баспасөз хатшысы:

- Бұл бейнероликке қатысты мәселені барлық органдар қадағалап отыр. «Мәңгілік алауға» картоп пісіріп жегендерді ұстау бойынша барлық шара қолға алынды.

Бұған дейін де «Мәңгі алауға» жұмыртқа қуырып, жанында ішімдік ішкен кездер де болған. Яғни бұл ескерткіштің көрмеген қорлығы жоқ. Бірақ ол кезде жұрт наразылығын тек ғаламтор арқылы білдіріп отыратын. Енді Бішкек әкімдігі мен билік өкілдері көзге оғаш көрінетін мұндай жағдайлар қайталанатын болса, оған көз жұмып отыра бермейміз деп отыр.

Гуля Алмамбетова, Бішкек әкімдігінің баспасөз хатшысы:

- Бішкектің ішкі істер басқармасына бірден ресми сұрау салынды. Қазір тергеу амалдары басталып, кінәлі адамдар іздестіріліп жатыр. Мұндай қасиетті жерді келеке етудің дұрыс емес екендігіне ешбір талас жоқ. Алдағы уақытта әкімдік бұл әрекеттердің жолын кесетін болады. Біз бұзақыларды сот арқылы жауапқа тартамыз.

Егер ескерткіш тұрған жерге бейнебақылау орнатылып, күзет күшейтілсе, осы жерге келетін үйлену тойының кортеждері де өздерін әлдеқайда дұрыс ұстар еді. Өйткені отбасын құрып жатқан жас жұбайлар «Мәңгі алауға» гүл қоюды міндет көреді.

Қазір Жеңіс алаңындағы «Мәңгілік алауға» емін-еркін келе беруге болады. Көріп тұрғаныңыздай, бұған ешбір кедергі жоқ. Бірақ жұрт осы бір алауға жан баласын жақындатпауды талап етіп отыр. Себебі бұзақылар оның қаншалықты киелі екенін түсінбей жүр.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы