389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша салынған жаңа көпір қолданысқа берілді

  • 1130

Павлодарда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша салынған жаңа көпір қолданысқа берілді.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бой көтерген нысан Шығыс пен орталық арқылы Ресеймен байланыстырады. Ертістің үстінен өтетін өткел Павлодар мен Ақсуды да жалғап жатыр.

12 шақырымнан асатын бірегей жобаның бірінші қадасы қағылған күннен бастап біздің арна ұдайы ақпарат беріп келеді. Жаңа көпірдің ашылу салтанатын тамашалауға 300-ден аса облыс тұрғыны жиналды. Оларға күннің ызғары да кедергі емес. Халықтың қуанатын жөні бар. Өйткені тәуелсіз елдің тарихына алтын әріппен жазылған бірегей жоба Ертіс өңірінде жүзеге асты. Стратегиялық нысанның алғашқы қадасы қағылған күні-ақ ауқымына қарай «Ғасыр құрылысы» атағына ие болды. Құны 53,3 миллиард теңге болатын көпір құрылысына тәжірибелі мамандар тартылып, жаңа технологиялар қолданылды.

25 жылдық мерейтойын тойлап жатқан жас мемлекетіміз үшін бұл үлкен жетістік. Бұл - Орталық Азиядағы ең ірі көпір. Мұндай ірі көпірді салатын қазір көп елдерде жағдай жоқ. Бұл көпірдің «эстакадный подход» дегені бар 9 метрлік. Бұл көпірдің ерекшелігі - төрт жолақты, 9 шақырымға дейін.

Қазақстанды былай қойып, Орталық Азияда баламасы жоқ теңдессіз көпірдің құрылысына 13 500 тонна металл конструкциясы жұмсалып, 150 мың текше метр бетон құйылған. Мыңнан астам тіреу, 880 дана темір бетон бағаналары орнатылған және биіктігі 45 метр болатын аркалардан тұрады. Екі мыңдай адам мен 700 техника бірлігі жұмылдырылды. Оның алтауы су көлігі. Жүзге тарта шағын және орта бизнес құрылымдары атсалысты.

Тағы бір атап өтерлігі, көпір құрылысына жергілікті тұрғындар тартылып, отандық құрылыс материалдары пайдаланылды. Төрт жолақты көпірден тәулігіне 10 мың автокөлік жүріп өтеді. Экономикалық тиімділігі де өлшеусіз. Астанаға, еліміздің Шығыс өңірі мен Ресейге бет алған транзиттік көліктердің жолын шамамен 40 шақырымға қысқартып, Ақсу мен Павлодар қаласының арасын жақындатты.

Стратегиялық нысан онлайн-режимде бақыланады. Ол үшін арнайы тіркегіштер орнатылған. Жаңа көпір Тәуелсіздіктің 25 жылдығының құрметіне аталуы әбден мүмкін. 

Хабар 24 телеарнасы