376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Кореяның Инчхон әуежайында 23 Қазақстан азаматы ұсталды

  • 1095

Осы елдің көші-қон полициясы қызметкерлерінің айтуынша, олар Кореяға заңсыз келген.

Қазір отандастарымыз әуежайдың жертөлесінде оқшау жерде отыр. Мәселенің мән-жайын Сеулден меншікті тілшіміз Владислав Цой баяндайды.

Владислав Цой (Twitter @Vladislav_tsoy) тілші:

- Бізге мына бейнежазбаны ұсталғандардың бірі, Қазақстан азаматы Шухрат Тәжімұратов жіберді. Айтуынша, ол Кореяға кеше түнгі 00:50-де Air Astana әуе компаниясының ұшағымен келген. Мақсаты – саяхаттау, бірақ Кореяның көші-қон полицейлері Шухратқа сенімсіздік білдірген.

Шухрат Тәжімұратов (телефон арқылы), саяхатшы:

- Біз Сеулге таңда жеттік, әуежайда бізді қалаға кіргізбей, бір рейстен 18 адамды ұстап қалды. «Сізді қалаға жіберуге себеп-негіз жоқ» дейді. Олардың сылтауы не ақшаң аз, ақшасы барларға тіл білмейсің дейді. Бізді қазір жертөледе ұстап тұр. Бәріміз 18 адам, енді 18 адамның құжаты дұрыс емес енді деуге мүмкін емес.

Сеулдегі Қазақстан елшілігінің өкілдері демалыс күні болса да бізге осы жағдай жайында ақпарат берді.

Қазақстанның Кореядағы жалғыз консулы демалыссыз жұмыс істеуге мәжбүр. Өйткені соңғы кезде заңсыз мигранттар көбейіп кетті, оның үстіне Астана мен Алматыдан Кореяға келетін рейстерден шамамен бес-алты Қазақстан азаматының Оңтүстік Кореяға аумағына өтуіне рұқсат берілмейді

Ғабиден Темірбеков, Консулдық мәселелер жөніндегі ҚР Корея Республикасындағы елшіліктің кеңесшісі:

- Бәрі туриспіз деп келеді, бірақ оның артында күтіп алатын және Сеулді, Корея елін аралатын мекемелері жоқ. Сондықтан оларды, жаңағы мақсаттары сай емес, кері қайтарып жатыр. Сондай-ақ олар Корея елі өте қымбат ел, жеткілісіксіз ақшамен келеді. 2-3 мың доллар бұл жерде ол екі күндік, бір күндік қаражат деп есептейді.

Шухрат Тәжімұратовтың айтуынша, бүгін ұсталған қазақстандық 18 азаматтың қатарына тағы 5 отандасымыз қосылған.

Шухрат Тәжімұратов (телефон арқылы), саяхатшы:

- Ертең Құдай қаласа, 19 күні сағат 13:00-де қайтарып ұшып жібереміз деп жатыр. Біз жертөледе ешқандай жағдай жоқ. Еденде жатамыз. Тамағы енді айтарлықтай емес.

Кореяға туризм мақсатында саяхаттап келемін деушілерге консулдың айтар кеңесі мынадай.

Ғабиден Темірбеков, Консулдық мәселелер жөніндегі ҚР Корея Республикасындағы елшіліктің кеңесшісі:

- Алдын ала Корея туристік компанияларға хабарласып, қазір технологиялар жақсы дамыған ғой, интернет арқылы, телефон арқылы хабарласып, туристік ваучер сатып алу керек. Және оларға алдын ала айту керек. Олар Инчхон әуежайына хабарласып, хат жіберілсін. Кепілдеме хат жіберу керек. Осындай адам келе жатыр, біз күтіп аламыз, кейін шығарып саламыз. Сонда оларды ешқандай кедергісіз өткізеді

Қазақстан елшілігі берген мәлімет бойынша биыл Оңтүстік Кореяға 1890 адам заңсыз келген. Көбісі туриспіз дегенімен, шын мәнінде жұмыс істеп, табыс табуды көздейтін көрінеді.

Авторлары: Владислав Цой, Ли Санг Хен

Хабар 24 телеарнасы