384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан мен Германия ынтымақтастық аясын кеңейте түспек

  • 836

Қазақстан Германияның Орталық Азиядағы басты сауда серіктесі.

Келешекте екі ел ынтымақтастық аясын кеңейте түспек. Осыған қатысты мәселелер Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Берлин еуразиялық клубының кездесуінде талқыланды. Конференцияға 100-ден астам жергілікті кәсіпкер мен сарапшы қатысты.

Берлинде Еуразиялық клубтың жиыны осымен 19-рет өтіп отыр. Бұл жолы кездесуге келген делегаттар Қазақстанға шетелдік инвестиция тарту мәселесін талқылады. Ал біздің елдің өкілдері еркін экономикалық аймақ, салықтық артықшылықтар мен жеңілдіктер сияқты шетелдік бизнеске жасалған қолайлы жағдай туралы баяндап берді. Жергілікті кәсіпкерлердің Қазақстанға қызығушылығы зор. Бұған кездесуге 100-ден астам қонақ қатысып, залдың лық толғаны дәлел.

Эдуард Кинсбрунер, неміс экономикасы шығыс комитетінің Орталық Азия бойынша директоры:

- Біз нақты ұсыныстар мен талаптар бойынша пікір алмастық. Германия үшін Қазақстан – Орталық Азиядағы маңызды серіктес. Неміс кәсіпкерлері логистика, инфрақұрылым, машина жасау және ауылшаруашылық сияқты түрлі салада жұмыс жасағысы келеді. Сондай-ақ, ЕХРО-2017 көрмесі қарсаңында біз өзіміздің ноу-хауларымызды ұсынбақпыз.

Соңғы 4 жылда Қазақстан мен Германия құны 2 млрд 400 млн еуро болатын 19 бірлескен инвестициялық жобаны жүзеге асырды. Қазір Орталық Азиядағы неміс экспортының 90%-ы Қазақстанға тиесілі. Делегаттар екі елдің сауда және экономика саласында ынтымақтастығы нығая түскенін айтады.  

Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Қазақстан мен Германия арасындағы саяси-экономикалық қатынас өте жақсы деңгейде дамып келеді. Біздің мемлекет Германияның Орталық Азиядағы негізгі серіктесі болса, неміс елі Қазақстан үшін Еуроодақтағы басты әріптесінің бірі. Бірақ қазір қандай істер жасалғаны емес, алдағы жұмыстарды талқылау маңызды. Германия әлемдегі экономикасы күшті дамыған елдер қатарында. Сондықтан, екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығайта беру керек.

Берлин Еуразиялық клубы 5-жыл жұмыс жасап келеді. Осы уақыт аралығында ол екіжақты өзекті мәселелерді талқылайтын алаңға айналды. Ал бүгінгі жиында көтерілген басты мәселе инвестиция болды. Неміс сарапшыларының айтуынша, шетелдік инвестицияны тарту қазақ елінің экономикасын нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың әл-ауқатын көтере түспек.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы