387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында жаңа диагностикалық орталық ашылды

  • 845

150 мыңнан астам тұрғыны бар Екібастұз қаласында диагностикалық орталық пайдалануға берілді.

Қалалық аурухананың базасында құрылған бұл мекемені кеншілер қаласы 30 жыл күткен болатын. Шағын шаһарда қолайлы ғимарат табылғанымен, диагностикалық қондырғыларды алуға қаржы жетпейтін. Ұзақ жылдар бойы кейінге ысырылып келген мәселе енді оң шешімін тапты. Екібастұз қаласының тұрғындары үшін бұл баға жетпес сыйлық. Бұрын облыс орталығына барып қаралатын науқастар енді қаладан шықпай-ақ емделе беретін болды.

Мұхамедқайыр Андосов, Екібастұз қалалық ауруханасының бас дәрігері:

- Біздің дәрігерлер қарапайым жағдайда, арзанқол қондырғылармен жұмыс істеп келді. Бүгін міне көптен күткен қуанышқа жетіп жатырмыз. Жаңа медициналық жабдықтардың арқасында ауруды дер кезінде анықтап, халықтың денсаулығын сақтауда зор мүмкіндік туады. Оған күмәнім жоқ.

Орталықтың жалпы аумағы - 450,6 шаршы метр. Мекеме ем қабылдау мен қажетті медициналық талдаулар жасауға арналған заманауи құрылғылармен жабдықталған. Бұларды алуға жалпы сомасы 250 миллион теңге жұмсалды.

Александр Березинец, офтальмолог дәрігер:

- Біз бұл сәтті өте ұзақ күттік. Мен мұны біздің өңірде медицинаны дамытуға жасалған нақты қадам дер едім. Біздің офтальмологиялық қызмет автоматтандырылған жұмыс орнына ие болып отыр. Өндіріс көп болған соң көз жарақатын алғандарға шұғыл көмек көрсетіп жатамыз. Енді қызмет сапасы артады.

Валентина Милованова, Қала тұрғыны:

- Қалада диагностикалық орталық ашылғанын естіп келдім. Дәрігердің қабылдауына жазылып та қойдым. Енді біздің тұрғындарға өте қолайлы болады. Жылдам әрі сапалы көмек алатын болдық деп қуанып тұрмын.

Жаңа медициналық мекеме Екібастұз қаласымен қатар, жақын орналасқан елді мекендердің, оның ішінде, Баянауыл ауданының халқына да қызмет көрсететін болады.

Авторлары. Қарлығаш Қасиетова, Арман Якубов, Алексей Омельницкий.

Хабар 24 телеарнасы