380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түтін кесірінен Астана-Бейжің бағытындағы ұшақ әуежайға қона алмады

  • 631

Бүгін бесінші күн Бейжіңді бозғылт түтін тұмшалап тұр.

Қытай астанасы мен оның маңайындағы қалаларда қауіптің қызыл түсі жарияланды. Осы түні әуежайда түк көрінбей, Астана-Бейжің бағытында ұшқан КС 227 рейсі Бейжіңге қона алмай, біршама шалғай жатқан Хух-Хото қаласының әуежайына қонуға мәжбүр болды. Түтін сейілсе, бортында Қазақстан азаматтары бар бұл рейс кешке қарай Қытай астанасына қайта ұшып баруы мүмкін.

Қазір Бейжің ғана емес, Хэбэй және Хэнань провинциясында да дәл осындай жағдай. Зиянды қалдықтар тұмшалаған Қытайдың 20 қаласында ескертудің қызыл түсі жарияланды. Кеше ауаның ластануы елдің солтүстігінде өте қауіпті деңгейге жеткен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мөлшері бойынша PM 2,5 деп аталатын зиянды қалдық 1 куб метрге 25 микрограмм болуы керек. Ал қазір Бейжіңде бұл көрсеткіш 331-ден асып кеткен. Тіпті Қытай астанасының іргесіндегі Хэбэй провинциясының әкімшілік орталығы Шицзячжунда бұл көрсеткіш 1000 микрограмға жеткен. Бірнеше күннен бері қала көшелерінде әдеттегідей көп адам жоқ. Ескертуге байланысты үйден шығуға болмайды. Жолдың нашар көруіне байланысты көлік қозғалысы шектелген.

Чжао Нань, Бейжің қаласының тұрғыны:

- Билік «бір белдеу, бір жол» деген сияқты жобаларды іске асырамыз деп қол астындағы xалқының тұрмыс-тіршілігін ұмытып кеткен сияқты. Қазір xалық ауаның ластануына қатты алаңдаулы. Үкіметіміз осы мәселені тез арада шешсе жақсы болар еді.

Вань Юшиянь, Бейжің қаласының тұрғыны:

- Мұндай күндері сыртта көп жүрмеуге тырысамыз. Үйде ауа тазартқыш қосып отырамыз. Әзірге осыдан басқа қандай да бір сақтану шаралары жоқ. Мен отбасымның денсаулығы үшін алаңдаймын, лас ауа тезірек сейілсе екен деймін.

Бүгін түнде Астана-Бейжің бағыты бойынша ұшып келген рейс қою түтіннің кесірінен қона алмады. Ұшақ Ішкі Моңғолия автономды ауданының Хух-Хото қаласына баруға мәжбүр болды. «Бортында негізінен Қазақстан азаматтары бар КС227 рейсі әлі Хух-Хото қаласында, жоспар бойынша егер түтін сейілсе, кешке қарай Қытай астанасына оралады», - дейді делегация құрамындағы Арсен Тұрғанбаев. Сондай-ақ, Бейжің әуежайынан да өзге бағыттарға рейстер кейінге шегерілді. Бейжің ғана емес, көршілес жатқан Тяньцзинь қаласында кешелі бері 131 рейс кейінге шегеріліп, 75 ұшақ әуеге көтеріле алмаған.

Авторлары: Нұрбек Бекен, Жаң Сүй

Хабар 24 телеарнасы