386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мерекелік шырша ұйымдастырылды

  • 3293

Жаңа жылдық мерекені жұрт асыға күтеді.

Әсіресе бүлдіршіндер үшін Аяз ата мен ақша қарды көріп, сыйлық алудан асқан бақыт жоқ. Жылдағы дәстүрге сай биыл да қайырымдылық ұйымдары мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап, жаңа жылдық шырша ұйымдастырды. Игі іске «Хабар» агенттігі де атсалысып, қамкөңіл жандардың арман-тілектерін орындауға үлес қосты. «Тілектер шыршасы» деп айдар таққан қайырымдылық іс-шарасы биыл да ұйымдастырылды. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мерекелік кешке 400-ден астам жеткіншек қатысты. Жаңа жылдық мерекені бүлдіршін балалар асыға тосатыны белгілі. Аяз атаға хат жазып, сыйлықтарға тапсырыс береді. Қамкөңіл жандардың қиялына ертегілер әлемінің қаһармандары қанат бітіріп, түрлі ғажайыптар орын алса, - дейді.

Айнұр Аймұрзина, жаңа жылдық шыршаны ұйымдастырушы:

- Көп балалар мектеп столын сұрайды, себебі мектепке бармаған соң, олардың арманы өздерін мектептегідей сезіну. Сонымен қатар бір хаттың ішінде бір бала жазған: «Аяз ата маған сыйлық керек емес. Бірақ мен мектепке барып, өзімнің сыныптастарым болғанын армандаймын» - деп жазды.

Бала тілегінде шек жоқ. Бірі тәттіге құмар болса, енді бірі ойыншыларға тапсырыс беріпті. Арасында өміріне қажетті құрал-жабдық сұрағандар да бар. Ұйымдастырушылар барлық баланың арман-тілектерін орындауға тырысты.

Нұрсұлтан Шамұрат, 13 жаста:

- Мен аяқ киім сұрадым. Рахмет аяқ киім бергені үшін. Қазақстандықтарды жаңа жылмен құттықтаймын. Зор бақыт тілеймін.

Жанар Саниева, Астана қаласының тұрғыны:

- Біздің балаларды қуантып жатырсыздар, өте үлкен рахмет сіздерге. Негізінде осындай балалар қуанса, бүкіл әлем қуанады деп ойлаймын.

«Тілектер шыршасы» деп айдар таққан қайырымдылық іс-шарасы алтынды жыл ұйымдастырылып келеді. Игі іске үн қосқан мекемелер қатарында «Хабар» агенттігі де бар.

Ринат Кертаев, «Хабар Агенттігі» АҚ басқарма төрайымының орынбасары:

- Әрбір балаға, көмекке мұқтаж балаға, ауру-сырқат балаға олардың айтқан аяз атадан сұраған сыйлықтарын алып беру біз үшін үлкен мәртебе, үлкен қуаныш. Өйткені кез-келген бала біздің еліміздің болашағы, осыны «Хабар Агенттігінің» барлық қызметкері бір адамдай түсініп, жылда күтіп, балаларға үлкен қуаныш сыйлауға тырысып жатыр. Бұл да болса біздің қызметкерлердің патриоттық сезімін білдіреді деген ойдамыз.

«Тілектер шыршасы» қайырымдылық іс-шарасының мақсаты мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу, олардың бойына өмірге деген құштарлық нәрін себу. Осы іске ел азаматтарын көптеп тарту болып табылады.

Авторлары: Қанат Базылхан, Ерлан Наурызбаев, Әлібек Әлиев.

Хабар 24 телеарнасы