384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шығыс Қазақстаннан Универсиада алауын алып жүру рәсіміне 60 үздік спорт саңлағы таңдалған

  • 541

Еліміз үшін маңызы зор Универсиаданың алауы Шығысқа да жетті.

Байрақты бәсекеде ел намысын қорғауға шығысқазақстандық 60 спортшы да атсалыспақ. Олардың 45-і негізгі құрам сапында.

Расымен, шығысқазақстандықтар да айтулы додаға үкілеген үміттерін жіберіп отыр. Қуаныш пен толқу түйіскен сəт осы шығар. Универсиада алауын алып жүру рәсіміне 60 үздік спорт саңлағы таңдалған.

Өңіріміздің белді университеті аумағынан бастау алған рəсім Александров спорт сарайы жанында аяқталды. Ерекше атап өтер жайт, бұл күні алаугерлер суды да кешіп өтті. Ертіс өзені үстінде сөнбеген алау спортшыларға деген сенімді еселегендей. Бұған халықтың ыстық ықыласы мен әдемі көңіл күйі дәлел. 12 шақырым аумақты жүріп өткен алаугерлер эстафетаны салтанатты түрде «Алтай» волейбол клубының үздік ойыншысы Дамир Әкімовке табыс етті. Енді ол Алматыдағы Универсиада ойындарының ашылу салтанатында алауды облыс атынан алып жүреді.

Дамир Әкімов, «Алтай» волейбол клубының ойыншысы:

- Алауды Алматыға апаратыныма өте қуаныштымын. Бұл үлкен жауапкершілік. Біздің спортшылар жақсы нәтиже көрсетеді деп сенемін.

Ольга Рыпакова, Олимпиада ойындарының чемпионы:

- Туған жерде өтіп жатқан бақ сынау – үлкен жауапкершілік. Өйткені жанкүйерлердің сенімі мен үмітін ақтау керек. Мен мұны спортшы ретінде жақсы білемін. Сондықтан жас спортшыларға сәттілік тілеймін. Алтыннан алқа тағынар күндер көп болсын!

Естеріңізге сала кетейік, айтулы додада шығысқазақстандық саңлақтар спорттың 9 түрі бойынша өнер көрсететін болады. Оларға деген құрмет әсерлі әншашу мен жарқыраған отшашумен көрініс тапты. Біз де спортшыларымызға тек сәттілік тілейміз.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы