389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Универсиада ойындарының алауы Ақтауда да жағылды

  • 1141

Универсиада ойындарының алауы Ақтауда да жағылды.

«Мемлекеттік рәміздер» алаңында тұтанған эстафета алауын тамашалауға жүздеген адам жиналды. Алаугерлер қар сирек жауатын өңірде Каспий теңізінің жағалай  жүгіруде. Маңғыстау өңірінде қар аз жауады. Есесіне, бұнда қысы-жазы жүгіріп, Каспий жағасында шынығуға болады. Егер де, қысқы спорт ойындарының ішінде теңізге жүзу болса, маңғыстаулықтардың үнемі жеңіс тұғырынан көрінеріне күмәнім жоқ. Өйткені, Ақтауда «морж-адамдар» аз емес. Бүгін ауа-райы тамаша. Универсиада алауын жаққан аймақ басшысы Алик Айдарбаев спортшылар алдында топ бастады. Алаугерлер қазірде теңіз жағасында жүгіріп барады. Олардың жалпы саны 60 адам, тең жартысы спорт десе ішкен асын жерге қоятын студент-жастар.

Қарасай Ұлықпанов, волейболдан спорт шебері:

- Бұл шара тек мен үшін ғана емес күллі қазақ елінің абыройын әлемге тағы бір мәрте паш ететін айтулы дода. Алауды ұстап жүру мәртебесінің тапсырылуын - зор сенім деп қабылдаймын. Қажет болса, екі шақырым жүгіруге де дайынмын. Ертең ел намысын қорғайтын спортшыларымызға жеңіс тілеймін. Алға Қазақстан!

Ақтауға қар сирек жауатындықтан қысқы спорт түрлері кенже дамып келеді. Дегенмен қаладағы мұз айдынында хоккей және мәнерлеп сырғанау үйірмелеріне жазылған жеткіншектің қарасы қалың. Ал жарыс десе делебесі қозатын маңғыстаулықтар ертең Алматыда бастау алатын маңызды шараға тайлы-таяғымен қалмай жанкүйер болмақ. Өңір делегациясын оңтүстік Астанаға бокстан ұлттық құрама капитаны, Маңғыстау дарабозы Әділбек Ниязымбетов бастап барады. 

Хабар 24 телеарнасы